Ақтөбе облысының Көкжиде кенішіндегі мұнайшылар ереуілі нәтиже бермегендіктен, наразылар аштық жариялады. Жұмысшылар басшылыққа қойған талаптары орындалмайынша, ереуілді тоқтатпаймыз дедйді.
Бұған дейін олар жалақы мәселесін шешуге көмектесіңіз деп облыс әкімдігіне де бірнеше рет хабарласқан. Бірақ әкімдік бұл мәселеге бей-жай қараған сыңайлы.
Мұнайшылардың қытайлық «КМК Мұнай» компаниясына қойған төрт талаптары бар. Біріншісі –жалақыларын жүз пайызға өсіру. Екіншісі – жататын жерлерін кеніштен алыстау жерге көшіріп, асханадағы ас мәзірін жақсарту. Үшіншісі – кәсіподақ жұмысы, ал соңғысы- басшылықтан көретін қысымды тоқтату. Мұнайшылар әзірге басшылықпен қандай да бір келісімге келмегендерін айтады. Тек бүгін таңертең компания президенті Ван ЦЗИНЬБАО мұнайшылардың жалақысын жүз емес, тек 20 %-ға ғана көтере алатындығын айтқан. Алайда бұл ұсынысқа жұмысшылар келіспеді.
«КМК Мұнай» – Ақтөбе облысындағы кеніштерге иелік ететін қытайлық ірі мұнай өндіруші «СНПС Ақтөбемұнайбен» еншілес компания. 400-ге жуық адам еңбек ететін компания 2004 жылы құрылған. Ақтөбе облысындағы Көкжиде, Құмсай кеніштерінде мұнай өндіреді.
Қазір аталған мәселені реттеу бойынша келіссөздер басталған. Еңбек ұжымымен кездесу барысында комиссия мүшелері ҚР заңнамасының нормаларын түсіндіріп, қазіргі уақытта жалақыны көтеру мәселесі компанияның құрылтайшыларымен және директорлар кеңесінің мүшелерімен келісілетінін жеткізді.