АҚШ Конгресінің төменгі палатасының өкілдері экс-президент Дональд Трампқа импичмент жариялау туралы қарарды Сенатқа тапсырды. Тікелей трансляция заң шығарушы органның сайтында жүргізілді.

Негізінен импичмент процесі 8 ақпаннан кейін басталады. Отырыстар барысында импичмент менеджерлері аталатын Өкілдер палатасының мүшелері айыптаушылар, ал сенаторлар алқабилер ретінде талқылайды. Процестің төрағасы – сенатор, демократ Патрик Лихи. Резолюцияны бір ғана бабы бар. Ол – тұрғындарды қақтығыс ұйымдастыруға арандату.

CNN телеарнасының хабарлауынша, егер импичмент қазіргі президентке жарияланса, АҚШ заңына сәйкес Жоғарғы сот басшысы Джон Робертс төраға болар еді. Ол Трамптың алғашқы импичментінің процесінде төраға болған. Алайда, Трамптың президенттік өкілеттігі 20 қаңтарда аяқталғанын ескере отырып, АҚШ тарихында тұңғыш рет төрағаның рөлі заң шығарушыға жүктелген.

13 қаңтарда Демократиялық партияның бақылауындағы Өкілдер палатасы Трампқа импичмент жариялау туралы қарарды мақұлдады. 2019 жылы да Трампты қызметінен кетіру процесі болған. Бірақ Сенат 2020 жылдың басында президентті ақтады.

Бұл жолы импичмент рәсімі Трамптың 6 қаңтарда жасаған мәлімдемесіне байланысты басталып отыр. Сол күні Уашингтонда Трампты қолдау үшін мыңдаған наразылар Капитолийге басып кірді. Салдарынан ірі қақтығыстар орын алып, төрт адам қаза тапты.

Қазір демократтар елдің заң шығарушы органының жоғарғы палатасындағы 50 орынды басқарады. Республикашылдардың саны да шамалас. Алайда, қазір вице-президент қызметін Камала Харрис атқаратындықтан, оның партиялары автоматты түрде артықшылыққа ие.

Егер Дональд Трампқа импичмент жариялау мақұлданса, ол жоғары лауазым атқарудан шеттетіледі.

"The Qazaq Times"