Таулы Қарабақтағы жағдайды бақылау орталығын салу туралы келісімдер жүзеге асырылып жатыр. Бүгін Түркия Әзірбайжанға 60 сарбазын жіберді. Бұл туралы NTV телеарнасына Түркияның Ұлттық қорғаныс министрі Хулуси Акар мәлімдеді.
Министр: «Үш тарап арасында орталық салу туралы барлық уағдаластықтарға қол жеткізілді. Енді тек құрылыс пен қызметкерлерге қатысты бірқатар мәселелерді шешу қалды. Біз сарбаздарымыздың белгіленген аймақта қалу мерзімін Ресей тарапымен талқылаймыз. Ортақ жұмыстарды түрік және орыс генералдары бірлесіп басқарады» – деді.
9 қарашада Ресей президенті Владимир Путин, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев және Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақтағы әскери операцияларды тоқтату туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Ал 11 қарашада Таулы Қарабақта атысты тоқтатуды бақылау жөніндегі ресей-түрік бірлескен орталығын құру туралы Меморандумға Хулуси Акар мен Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгу қол қойды.
Негізінен Таулы Қарабақ ресми түрде Әзірбайжан аумағы саналады, бірақ бұл аймақта этникалық армяндар тұрады. Таулы Қарабақтағы армяндарды Ереван қолдап отыр. Әзірбайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін 1988 жылдан бері қақтығысып келеді. 1988-94 жылдары арасындағы соғыста 30 мыңдай адам қайтыс болды. 1994 жылы екі ел қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Сол уақыттан бері Таулы Қарабақ этникалық армяндардың бақылауында. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы тәуелсіздік жариялап алған. Бірақ оларды Армениядан басқа ешбір ел мойындамады.