Қытайдың Ухан қаласында басталған індет Қытайға және әлемге үлкен өзгерістер алып келді. Әрине, әлемде экономикалық даму инерциясы әлсіреді, тұтыну азайып, жезкізу қызметі болып көрмеген қиындықтарға тап болды, осының бәрі әлемнің өндірушісі аталған Қытай үшін үлкен соққы болды. Бірақ, індеттің кейбір жанама әсерлері Қытайға оң әсерін тигізгенін айтпай кетуге болмайды.

Індеттің шырмауынан алдымен шығып алған Қытай өзге бәсекелестері індетпен күресіп жатқанда өзінің түбірлі мүдделеріне саятын бірқатар қадамдарды артығымен аттап үлгерді. Оған қоса, Қытай коммунистік режимі өзінің індетке қарсы нәтижелі күресі арқылы әлемге «қытайлық басқару тәртібін» насихаттаудың орайы етуге тырысты.

2015 жылға дейін Қытайдың экономикасы қарқынды дамып, барлық жақта дамудың тың тебінін көрсетіп келе жатқанына қарамастан, ел ішінде коммунистік режимге деген қарсылық көңіл-күйді баса алмаған еді. Қытайдың қазіргі басшысы Ши Жинпиң билікке келгеннен кейін билік партиясын халыққа жақындатудың бірқатар шараларын жасады, оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресі де басым көп қытайлықтардың көңілінен шықты. Оған коронавирусқа қарсы күрестегі Қытай режимінің белгілі артықшылықтары қосылып, қытайлықтардың коммунистік жүйеге деген сенімдері қайта жоғарылады.

Қытай басшысы Ши өзінің билік дәуірінің бағдары ретінде «Қытай арманы» атты ұлттық стратегия қабылдады. Соған сай Қытай ғасырдың орта шенінде теңдессіз мемлекетке айналуы керек. Бұл әрине асқынған ұлтшылдық мастығындағы қытайлықтардың көңілінен шықпақ. Оған қызмет ететін «Бір белдеу, бір жол», «Made in China – 2025» деген секілді толып жатқан бағдарламалар бар. Жалпы қарағанда, Қытай 2020 жылы өзінің шынайы қалыбын паш етті, яғни коммунистік режим батыстық демократиямен шығыса алмайтынын анық көрсетті.

Қазір, Батыс жұрты Қытайдағы асқынған ұлтшылдықтың қауіпінен алаңдап отыр. Голливуд фильмдері «Америка арманын» уағыздап келгені белгілі, енді қытайлық өнерпаздар «Қытай арманын», Қытай қожа болған әлемді насихаттайтын шаралары үкіметі мен халқы жағынан қолдау таба бастады. Бұл біздің іргеміздегі оянған қауіптің нышаны спетті.

“The Qazaq Times”