Қазақстанда 14 желтоқсан 747 адам коронавирусқа, 12 желтоқсан 17 адам коронавирус пневмониясына шалдыққаны анықталған. Қазір елде 26 мың адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 13 998, U07.2 немесе КВИ- бойынша 12 020) ауырып жатыр. 

#U07.1 Коронавирус ПТР тесті арқылы табылған жаңа кейстердің ең көбі – ШҚО (78), Қостанай (74), Павлодар (73) облыстары, Алматы қаласы (72), Ақмола (71), СҚО (68), астана (67). Өткен тәулікте 802 адам ауруынан айғып шығып үйіне жіберілген, сондай-ақ 7 адам өмірден өткен.

ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 13 998 науқастың 4139-ы ауруханада. Тағы 21 828 адам амбулаторлық терапияда. Олардың арасында 1041 бала емделіп жатыр. Қарашаның соңғы декадасынан бері ауырып жатқан балалар күрт көбейді. 1 қыркүйектен бері ауырған кемінде 2539 оқушыға коронавирус  диагнозы қойылған.

Ахуалы нашар 240 науқастың арасында 35 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 40 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

#U07.2  Алдыңғы күні, яғни желтоқсанның 12-сі коронавирус пневмониясына жататын 17 жағдай тіркелген. Оған қоса, сенбі күні 65 адам емделіп шыққан.

Қазақстанда коронавирус пневмониясы («КВИ-» – QT) бір күнге кешігіп жарияланғанына қарамастан, «өткен тәуліктегі» дерек деп беріледі. Мысалы, дүйсенбі күні таңда коронавирус сияқты жексенбінің емес, сенбі күнге тиесілі мәлімет беріледі. Бірақ неге екені белгісіз «алдыңғы» деп берудің орнына ресми ақпараттарда «өткен тәулікте» деп жазылады. Осыған дейін елдегі коронавирус жағдайы туралы ресми ақпарат көзі болып саналатын coronavirus2020.kz сайты мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарат ресурстарында жарияланған деректер төрт айдан бері қате беріліп келгені жайлы ұстанымымызды бөлісіп, ақпарат құралдарына ескерткенбіз. Дегенмен әлі күнге дейін кейбір басылымдар екі күнге тиесілі деректі бір күнге теліп хабарлап келеді.

The Qazaq Times редакциясы төмендегі кестені ең шынайы нұсқа деп санайды.

Астана «қызыл аймақта» тұр. Павлодар, СҚО, ШҚО, Қостанай, Ақмола, Атырау облыстары мен Алматы қаласындағы эпидемия ахуалы «сары аймақта». Басқа өңірлер жасыл аймақта.

9 желтоқсан денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитар-дәрігері Ерлан Қиясов Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың шарықтау кезеңі туралы жаңа болжамын бөліскен. Оның айтуынша, екінші толқынның шарықтау кезеңі 2021 жылдың қаңтар және ақпан айларына сәйкес келеді.

13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 142 мыңнан асып, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 44 мыңға жуықтаған. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 185,5 мыңға, ал Ұлттық статистикада 186 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 3318-і (КВИ+ / U07.1 – 2145, КВИ- / U07.2 – 464, ілеспе аурулардан – 709) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 709 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы «маусым-шілде қырғынан» кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры және ДДСҰ тізімінде 44-ші орында тұр.

"The Qazaq Times"