Еуроодақ елдерінің басшылары алдағы жеті жылға арналған бюджетті бекітті. Еуропалық кеңестің басшысы Чарльз Мишельдің мәліметінше, бюджет көлемі 2 триллион еуро.
Қаржының 750 миллиарды коронавирус пандемиясынан зардап шеккен экономиканы қайта қалпына келтіруге бағытталмақ. Биыл Венгрия мен Польша коронавирус дағдарысымен күресуге бөлінетін қаражатты қабылдамай тастаған. Будапешт пен Варшава өкілдерінің айтуынша, бұл құқықтық мемлекет принципін сақтауды қамтамасыз ететін арнайы механизм енгізуге қарсы қадам. Өйткені аталған механизм бойынша құқықтық саланы шектейтін елдерге қаржыландыруды тоқтату қарастырылған болатын.
Соған қарамастан, бюджет жоспары толыққанды бекітіліп отыр. Алайда одаққа мүше елдердің ортақ мәмілеге қалай келгені әзірге белгісіз.
Жақында Еуропалық одақтың мемлекет және үкімет басшылары Брюссельде екі күндік саммитке қатысады. Бұл – пандемияға байланысты соңғы екі айдағы алғашқы офлайн кездесу. Саммитте тараптар қоғамдастықтың 2021-2027 жылдарға арналған жеті жылдық бюджеттік жоспарын бекіту, €1,07 трлн және ЕО-ны қалпына келтіру қорын талқылайды. Қаржы бөлу мәселесіне байланысты бұл келісімге Венгрия мен Польша тыйым салған.
Саммиттің екінші күрделі тақырыбы – Түркияның Жерорта теңізіндегі іс-қимылы және Анкараға қатысты жаңа санкциялар. Ал Ұлыбританияның ЕО-дан шығуына байланысты Brexit-тен кейінгі екіжақты қатынастар туралы келісім жиынның үшінші күнінде талқыланбақ.