Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келген «Болашақ» халықаралық бағдарламасы арқылы бүгінде мен кәрі құрлықтан бір үзім енші алып, Тұманды Альбионда білімімді шыңдаудамын. Мен тұратын Манчестер қаласында қазақ студенттері көп-ақ. Қолым «қалт» етсе, олардың әрқайсысымен пікірлесіп тұруға тырысамын. Жақсы әңгімелерімді отандастарыммен бөліссем, оларға үлгі етсем деген мақсат қой  менікі.

Манчестердегі қазақстандық магистранттар мен студенттер

Қымбат құрылғы әркімге қолжетімді

Махаббат Тәтібаева Манчестер университетінің химия факультетін биыл тәмамдады. Мамандығына деген махаббаты әр сөзінен байқалып тұрады екен.

Манчестер университетінің химия факультетінің түлегі Махаббат Тәтібаева

– Манчестер университеті химия саласы бойынша әлемде жетінші орында тұр, оқу орнын таңдауыма осы дерек бірден-бір себеп болған, – деп жылы жымиды ол. – Манчестер университетінің кірісі жылына 1 миллион фунтқа тең. Бұл қаражатты оқу ордасы  ғылымды дамытуға, корпустар салуға және зертханалық жұмысқа қажетті соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсайды. Сондықтан, университеттің ғылыми  базасы мықты дамыған. Және бір қуантатыны, зерханаларда әр студентке тиесілі жеке құрал-жабдық бар. Біздің елдегідей бес-он адам топ болып бір құрылғымен жұмыс істемейді. Мәселен, мен магистрлік жұмысымды жазу барысында бағасы 3 миллион фунт тұратын құрылғыны пайдаландым. Бұл құрылғы лазерінің қуаты сондай күшті, тіпті, затта қанша молекула бар екендігін оп-оңай анықтай алады.

Бізге мотивация беретін келесі нәрсе – ұстаздардың білімділігі. Қайсысымен таныссаңыз да, бәрі ғылымда үлкен жетістікке жеткен, өз саласында лайықты орны бар кісілер. Менің ғылыми жетекшім Далтон ядролық институтының директоры Милисса Денеки де биыл ядролық энергетика саласына қосқан үлесі үшін Becquerel Prize сыйлығына ие болды. Ол әлемде мұндай сыйлыққа қол жеткізген алғашқы әйел.

Ағылшындар интерактивтілікке бейімделген. Мысалы, бүгінгі сабақта болған дәрісті университет сайтынан оп-оңай тауып аласыз. Онда жаңа тақырып тек слайд-презентация түрінде ғана емес, аудиодәріс түрінде де қолжетімді. Түсінбей қалсаңыз, кез-келген уақытта қайта тыңдауға болады.

Тағы бір қунатын жайт, Манчестер университетіндегі ұстаздарым «ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесіне қатысуға қызығушылық танытып отыр. Соңғы кездесуімізде олар маған университеттің көрмедегі өкілі болуды ұсынды. Әрине, мен бұған келісім бердім. Олар осы оқу орнын бітірген қазақстандық студенттерді осы шарада бірігіп жұмыс істеуге шақырды. Еңбектері үшін ақысы төленетінін де айтты.

 

Футболмен «ұйықтап-оянатын» Манчестер

Манчестер дегенде ойымызға ең алдымен футбол түсетіні белгілі. Иә, мұндағы халық шынымен де футболмен «ұйықтап-оянады». Допты дәріптейтін тұрғындардың стадион маңындағы салттарын «Болашақтық» студент Арғын Төкеевтен сұраған едік. Манчестер университетіндегі development economics and policy факультетінің магистранты біраз жайттарды баяндап берді:

Манчестер университетіндегі development economics and policy факультетінің магистранты Арғын Төкеев

– Манчестерліктер үшін футбол – қос команданың жай ғана ойыны емес, өзінше бөлек ғұрып. Өйткені, «Манчестер Юнайтед» және «Манчестер Сити» атты екі алпауыт клуб осында орналасқан. Бұл екеудің арасындағы матч – қалалықтардың жиі талқылайтын тақырыбы. Футбол болатын күндері қай жерге барсаңыз да, дуылдаған жанкүйерлерді көресіз. Олардың харизмасы мықты. Нағыз жанкүйерлікті солардан үйренуге әбден болады.

Өзім бұрыннан испаниялық «Реал Мадрид» клубының жанкүйерімін. «Манчестер Сити» мен «Реал Мадридтің» 2015-2016 жылғы Чемпиондар Лигасының жартылай финалында кездесуі мен үшін ешқашан ұмытылмас ғажап сәттердің бірі болды. Жұрттың теледидардан телміріп көріп отырған матчын мен өз көзіммен, стадион атмосферасын сезініп тамашалағанымда бақытты күй кештім. Манчестер сыйлаған бақыт бұл.

Әрине, еліміздегі футболдың жай-күйін Англиянікімен салыстыру мүмкін емес. Өйткені, ағылшын аяқдобы қаншама ғасырлар бойы қалыптасты. Дегенмен, бізде де отандық футбол имиджін жақсартуға үлес қосып жүрген талантты ойыншылар бар және олар жақсы жаттығу үстінде. Менің ойымша, біз ойынның стратегиялық тәсілін, концепциясын Англия секілді мықты державадан үйренуіміз керек. Сондай-ақ, жанкүйерлерге де көп нәрсе байланысты.

 

«Қазақтар киіз үйде тұра ма?»

Ағылшындар қазақтарды тани ма екен деген сұрақ көкейіңізде жүрсе, оған да жауап дайын. Манчестер университетінің магистранты Азамат Жансейітовтың айтуынша, алғашында кейбіреулері Қазақстанды әлі де көшпенді тұрмыс кешетін мемлекет ретінде елестетіпті.

Манчестер университетінің магистранты Азамат Жансейітов

– «Сіздер киіз үйде тұрмайсыздар ма?» деп таңдана сұрағандар да болды. Саналарына сіңіп қалған сондай стереотиптерді сызып тастадық. Біздің білімімізді, мәдениетімізді, әдет-ғұрпымызды, небір тамаша салт-дәстүрлерімізді таныған сайын олардың бізге деген құрметтері арта түсуде. Бүгінде көпшілігі біздің туды біледі, Геннадий Головкинді таниды. Қазақ студенттерінің біразы ұлттық оюы бар киімдер киетіндіктен, нақышымызға да зер сала бастады. Қазақстандық имидж дегеннің бәрі осыдан шығады ғой.

Жақында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай арнайы бейнеролик түсірдік. Студенттер бұл шараға белсене атсалысты. Алғашында университет көлемінде атап өтсек деген ой болған. Алайда, қазір емтихан уақыты, сондықтан студенттердің көлемді шара ұйымдастыруларына уақыты жоқ. Сол себепті, отанымызды осы бір айтулы меремен құттықтап, бейнеролик жолдадық. Бейнеролик жасау барысында біз осы жылдар аралығында қол жеткізген жетістіктерді тізгеннен гөрі, келешекте оның дамуына қандай үлес қоса алатынымызды жеткізгіміз келді.

Ұлыбританияда жыл сайын «Достық Cup» атты ауқымды шара өткізіліп тұрады. Биыл ол Манчестерде болады. Соның аясында Англияда, Шотландияда, Уэльсте және Солтүстік Ирландияда оқып жатқан қазақ студенттері бас қоспақ.

“The Qazaq Times”