АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижесі белгілі бола салысымен Ауғанстандағы Талибан ұйымы мәлімдеме жасады. Олар Жо Байден ресми түрде президент болып жатса жыл басында АҚШ-тың қол қойған бейбітшілік келісімін сақтап, Америка тарихындағы ең ұзақ соғысты бір жолата тоқтатуын үміт еткен.
Тәліптердің өкілі Мұхаммед Наим ақпарат құралдарына берген жауабында: «Бұл келісім Ауғанстан мен АҚШ-тың мүдделеріне сәйкес келеді. Кез-келген ірі өзгерістер келісілген түрде жүзеге асырылуы керек. АҚШ-тың ендігі үкіметі де жалғасып жатқан бейбітшілік келісімін сақтайды деп үміттенеміз», – деген.
Естеріңізде болса, 29 Трамп әкімшілігі мен Талибан арасында келіссөз маңызды нәтижеге жетті. Келісім бойынша, 2021 жылдың мамырына дейін Ауғанстаннан барлық америкалық әскерлерді және НАТО әскерлерін «шартты түрде» шығарып кетуі керек. Бұның есесіне тәліптерге Ауғанстандағы шетелдік күштерге шабуыл жасамау, «әл-Каида» және «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымдарының Ауғанстанда әрекет етуіне жол бермеу міндеттері жүктелген. Содан бастап ауған жеріндегі америкалық әскерлер саны 13 мыңнан 4500-ге дейін қысқарды.
Тәліптер мен АҚШ арасындағы келіссөздерден кейін Ауғанстанның ішкі диалогы басталған еді. Алайда, Дохада өтіп жатқан келіссөздер түрлі дауға ұласып, соңғы кездері жалғаспай тоқтап қалды. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани де жексенбі күні Жо Байденді сайлаудағы жеңісімен құттықтаған. Ол да Кабул мен Вашингтон терроризмге қарсы және бейбітшілікті нығайту саласындағы байланыстарын тереңдетеді деп үміттенетінін білдірді.
Трамп сайлау кезіндегі мәлімдемесінде Ауғанстандағы барлық америкалық әскерлер Роджествоны үйінде қарсы алатынын айтқан. Бірақ, қарапайым ауғанстандықтар болса Жо Байден келіп америкалық әскерлердің елден кету қарқынын бәсеңдетеді, сол арқылы тұрақты бейбітшілікке жетуге күш салады деп үміттеніп отыр.
Байден сайлау қарсаңындағы мәлімдемесінде, егер ол президент болып келсе «әл-Каида» және «Ислам мемлекеті» сынды террорлық топтардың соғыс жүріп жатқан елден АҚШ мүддесіне қауіп төндірмес үшін аздаған әскери күшті сақтап қалатынын айтқан. Сондай-ақ, ол АҚШ-тың Ауғанстандағы жағдайға килігуіне қарсы болған. Дегенмен, ақпан кезінде Байден «Ауғанстанда ешқашан ынтымақ орнамайды» деген мәлімдеме жасап, ауғанстандықтардың наласына қалып еді.
Айта кету керек, АҚШ пен Тәліптер арасындағы келісім жүзеге асып жатқанымен, Ауғанстандағы зорлық-зомбылық күшейіп кетті. Тәліптер елдің басым аумағын өзіне қаратып, Кабул билігін ығыстырып келеді.