Таяуда «New York Post» газетінде АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті және биылғы президенттік сайлауға кандидат Джозеф (Джо) Байденнің ұлы Хантер Байден туралы мақала шықты. Материалда Байден және оның ұлына қатысты айыптау хаттары мен басқа да материалдар жарияланды. Қарашада өтетін ірі саяси додаға санаулы күндер қалғанда мәлім болған «құпия хаттардан» кейін Байденнің рейтингіне нұқсан келген.
Хантердің ноутбугы 2019 жылдың сәуірінде Делавэрдегі жөндеу шеберханасында қалдырылған. Ноутбуктегі электрондық хаттарда Демократиялық партиядан АҚШ президенттігіне үміткер Джо Байден 2015 жылы украиналық Burisma компаниясының аға қызметкері Вадим Пожарскиймен кездесу өткізгені жазылған. Бұған дейін Байденнің өзі мұндай байланыстардың ешқашан болмағанын айтқан.
2015 жылы 17 сәуірде жазылған хаттардың бірі 2014-2019 жылдар аралығында Украинаның Burisma Holdings мұнай-газ компаниясының Басқарма мүшесі болған Байденнің ұлына жолданған. Хаттың авторы – украиналық Burisma басшылығының кеңесшісі Вадим Пожарский. Электрондық хабарламада ол Хантерге Уашингтонға шақырғаны үшін және сол кезде Барак Обаманың әкімшілігінде вице-президент қызметін атқарған Джо Байденмен кездесу ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіреді.
New York Post газетінің журналистері Байден ұлының не істейтінін және оның серіктестерін бұрыннан білген дейді. Ал Джо Байденнің штабы демократтың өткен жылдардағы «ресми кестесіне» сәйкес Burisma өкілімен кездеспегенін хабарлады. Байденнің штабы қанша жерден ақталса да, аталған мәліметтерден кейін президенттікке кандидат ретінде оның рейтингі төмендей бастаған.
Бұл материал жарияланғаннан кейін Дональд Трамп Байденнен өзінің барлық электронды хат-хабарларын, Қытай және Ресеймен байланысы туралы хаттарды, сондай-ақ «Байденнің отбасының бизнес және ықпал ету саласындағы қызметімен байланысы туралы» транскрипттер мен жазбаларды дереу беруін талап етті. Трамп Байденді сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар, «президенттікке үміткер бола алмайтын жемқор саясаткер» деп атады.
2016 жылы АҚШ вице-президенті болған кезде Байден Burisma Holdings-ке қатысты тергеу жүргізе бастаған Украинаның Бас прокуроры Виктор Шокинді жұмыстан шығаруды бұйырған. Нәтижесінде Шокин жұмыстан кетіп, Burisma ісін тергеу тоқтатылды. 2020 жылы ақпанда Украинаның Мемлекеттік тергеу бюросы Украинаның бұрынғы Бас Прокурорының Джозеф Байденнің жұмысына араласуы туралы мәлімдемесі бойынша қылмыстық іс қозғады.
АҚШ президенті Дональд Трамптың адвокаты Рудольф Джулиани Newsmax TV эфирінде Джозеф Байденнің ұлының ноутбугінде Украинамен «құпия байланыс» хаттары ғана емес, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың суреттері сақталғанын мәлімдеді. Трамптың адвокаты бұл материалдарды Делавэр полициясына бергенін атап өтті.
Джозеф Робинетт (Джо) Байден – америкалық көрнекті саясаткер. Бұрын АҚШ-тың 47-ші вице-президенті болған. Президент Барак Обама ел басқарған тұстап, 2009 жылдың 20 қаңтарында қызметке кіріскен.
Сонымен қатар ол Демократиялық партияның мүшесі. 1973 жылдан 2009 жылға дейін ол Делавэр штатынан сайланған АҚШ сенаторы болған. 2019 жылдың 24 сәуірінде Байден президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеді.
Демократиялық кандидат болғаннан кейін Барак Обама Джо Байденді вице-президенттікке 2008 жылдың 23 тамызында сайлады. Содан кейін Байден сенаттағы науқанын жалғастырды. 2008 жылғы 4 қарашада Демократиялық кандидаттар (Обама-Байден) дауыс берді; дәл сол күні Байден жаңа мерзімге Делавэрден сенатор болып сайланды.