Британия Қытайдың үлкен әрі ұзақ мерзімді қаупіне тап болуда. Бұндай мәлімдемені Британ Ішкі контр-барлау агенттігі (MI5) жетекшісі мәлімдеді.
MI5 басшысы Кен МакКаллум кеше Британияға сырттан төнетін қатерлер туралы мәлімдеме жасады. Ол Британия исламдық радикализм мен солшыл экстремизм қатеріне қарсы күресіп жатқанын, Ресей қазіргі уақытта Ұлыбритания алдында тұрған ең үлкен ұлттық қауіп екені, алайда Қытай болашақта Британия үшін одан да қауіпті болатынын айтты.
Кен МакКаллум барлау агенттігі Қытайдың жасырын әрекеттеріне қарсы барлау істерін кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтқан. Ол Бейжіңнің фармацевтикалық компаниялар мен университеттердің зияткерлік меншік құқығын қоса, британдық индустрияның зияткерлік меншік құқығын ұрлауға әрекет етіп отырғанын жеткізген.
Британдық барлау қызметінің жетекшісінің сөзіне сенсек, Қытай, Ресей секілді елдер үкіметтік құпиялықты ұрлау секілді тыңшылардың дәстүрлі әрекеттеріне көп мән беріп отырған жоқ, дегенмен Ұлыбританияның экономикасы мен инфрақұрылымына қарсы әрекет жасап, британдық демократияны бұзуға тырысуда. МакКаллум жария еткен мәліметтерге қарағанда, Британ барлау қызметі бұдан былай Ресей, Қытай, Иран және басқа да тараптардың ұлттық қауіпсіздікке төндірген қатеріне қарсы күресуге көп күш жұмсайды. Бұған қоса лаңкестерге қарсы күрес те бар.
45 жастағы МакКаллум МІ5 тарихындағы ең жас жетекші. Бұған дейін 24 жыл барлау агентті болып жұмыс істеген, биыл сәуір айында ғана аталған агенттікке басшы болып келген. Ол Британияның барлау қызметіне реформалар алып келуі мүмкін деген болжамдар да бар.