Тәжікстандағы сайлауда Эмомали Рахмон жеңіске жетті. Бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Бахтиер Худоерзода мәлімдеді.
– Алдын ала мәлімет бойынша президентті сайлауда қазіргі мемлекет басшысы Эмомали Рахмон жеңді, оған сайлаушылардың 90,92%-ы немесе сайлауға қатысу көрсеткіші 85,39 % болғанда 3,837 млн адам немесе 4,221 млн сайлаушы дауыс берген, – деді Худоерзода.
Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру кезінде заң бұзылмағанын хабарлады.
Бұған дейін сайлауға 68 жастағы Рахмонмен бірге парламенттің төрт депутаты қатысқан. Олар: Аграрий партиясының өкілі Рустам Латифзода, Экономика реформалары партиясының өкілі Рустам Рахматзода, Социалистік партияның мүшесі Абдухалим Гаффорзода және Коммунистік партияның мүшесі Миродж Абдуллоев. Сайлауда олардың әрқайсының жинаған дауысы 4%-ға да жетпеген.
Рахмон – 1994 жылдан бері Тәжікстан президенті. Ол сайлауда осымен бесінші рет жеңіске жетіп отыр.
Посткеңестік елдердің арасындағы ауыспайтын «диктатордың» бірі ретінде атанып кеткен Рахмонның ең ықпалды саяси қарсыласы – «Тәжікстанның Ислам жаңғырту партиясы». Жоғарғы сот 2015 жылы ұйымды «экстремистік» деп танып, қызметіне тыйым салған. Көптеген партия жетекшілері мен мүшелері түрмеге қамалған, кейбірі елден қашып кеткен.
Тәжікстанда қызметіне тыйым салынған «Группа 24» оппозициялық тобы осыған дейін үкіметті тәуелсіз кандидаттарды тіркемеді, сайлауда шынайы бәсеке жоқ және оның нәтижесі қазірден белгілі деп өткір сынаған.