2020 жылғы 5 қазанда елде 66 адамнан коронавирус, 262 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды.
#Коронавирус 6 қазан күні коронвирус жұқтырған 98 адам айығып шықса, 3 адам өмірден өткен. Ал жаңадан тіркелген науқастардың ең көбі – Шығыс Қазақстан облысында 14 адамнан, астанада 11 адамнан коронавирус инфекциясы тіркелген. Сондай-ақ, Ақтөбе облысында мүлдем науқас тіркелмеген.
ДенМиннің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 3145 адамның 1882-сі ауруханада. Ал қалған 1263 науқас амбулаторлық терапияда. Олардың арасында 74 өскіншек бала бар. Ахуалы нашар 89 науқастың арасында 15 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 15 науқас жасанды желдету аппаратпен тыныстап жатыр.
Республика бойынша барлығы 108 362 адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 103 465 адам. Бұл жалпы науқастардың 90%-дан астамы.
#Коронавирус_пневмониясы Сонымен қоса, сейсенбі күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 262 адам жағдайы тіркелген. Сондай-ақ, 46 адам айығып шыққан. Бірақ олардың қаншасы қай аймақтан екені белгісіз. ПТР тесті теріс қорытынды көрсеткенімен, коронавирус салдарынан қабынған ақөкпе ауруының аймақтарға таралу дерегін тұрақты түрде жариялауға уәде еткен министр Алексей Цой да, оның көмекшісі, ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов те сөзін бұрмалап, әр он күн сайын жариялауға көшкен. Коронавирус пневмониясының өңірлердегі күнделікті динамикасы белгісіз. Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы шілдедегі қырғыннан кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.
#Сөйтсе... Тамыз және қыркүйек айларында Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 17 мыңнан, ал коронавирус пневмониясына шалдыққандар 33 мыңнан асқан. Екеуін қоса есептегенде, кейінгі екі айда індеттен 600-дей қазақстандық өмірден өткен. Сонымен бірге, осы аралықта (тамыз-қыркүйек) пневмонияның басқа түрлерімен 82 мыңнан астам жағдай тіркелген.
ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 142 мыңға таяған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Пандемия басталғалы жалпы жиыны вирус жұққандардың 2689-ы (КВИ+ / U07.1 – 1 752, КВИ- / U07.2 – 361, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.