Пневмонияның коронавирустық түрінен (U07.2 / КВИ - диагнозы қойылғандар 33 мыңға таяды) басқа ауруларымен ауырғандар саны 337 мыңнан асты. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда аз ба, көп пе? 

Биыл 1 қаңтар мен 3 тамыз аралығында, яғни небәрі жеті айда Қазақстанда 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Бұл былтырғы жеті айға  қарағанда 3,3 есеге көп болған. Оның 35 мыңы маусымда, 152 мыңы шілдеде ауырған. Халықтың денсаулығына жауапты модератор ведомство ДенМин мұның нешеуі коронавирус екенін анықтауға құлықсыз танытып, шынайы есепті сүзуден бас тартқан. Ресми нұсқадағы «себеп» – барлық кейсті қайта қарау техникалық жағынан қиын шаруа. «Маусым-шілде қырғынынан» кейін індеттің беті қайтқанына қарамастан, бұрын уақыт тапшылығын алға тартатын министрлік «мамыражай» тамыз бен қыркүйек айларында да мәселеге мойын бұра қойған жоқ.

Тағы бір ресми дерекке назар салсақ, 1-8 шілде аралығында 56,8 мың адамнан пневмония анықталған. Оның 39,7 мыңында коронавирус белгілері болған.

ДДСҰ-ның 11 шілдедегі статистика жүргізуге арналған нұсқаулығына қарамастан Қазақстан Үкіметі «маусым-шілде қырғыны» басылған соң ғана 1 тамыздан бері коронавирус пневмониясын есепке ала бастады. Бұған тек клиникасы мен этиологиясы коронавирусқа ұқсас пневмония түрі «КВИ-» немесе «U07.2» кодымен белгіленіп енгізіледі. Пневмонияның басқа түрі жеке реестрге тіркеледі.  ДенМин-нің  редакцияға берген тың дерегіне сенсек, биыл тамыз айында 58 441, ал қыркүйекте 24 053 адам пневмонияға шалдыққан. Бұлар коронавирус пневмониясына кірмейтін бөлек түрлері бойынша.  Демек мұны жыл басынан бергі 255 386 кейске соңғы екі айдағы 82 494 жағдайды қоса есептегенде, билік коронавирус түріне жатқызбайтын пневмонияның жалпы жиыны 338 мыңға жуықтайды.

Сонымен қоса, QT ақпарат агенттігінің тамыз айындағы сұрау хатына сол кездегі денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова кейінгі бес жылдағы пневмония дерегін берген. Ресми жауапта «өмірінде алғаш пневмония дертіне шалдыққандардың саны» көрсетілген. 2015-2019 жылдары аралығындағы бес жылдың тоғыз айындағы орташа есептен биылғы көрсеткіш 4,2 есеге артық. Оның үстіне, 33 мыңдай коронавирус пневмониясын қоспағандағы есеп.

2020 жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығындағы тоғыз айда 337 880 пневмония (КВИ- жағдайын қоспағанда – QT) тіркелген. Былтырға қарағанда (2019 ж. қаңтар-қыркүйек аралығында 88 776 – QT ҚР ДСМ-ға сілтей отырып) 3,8 есеге көп. Егер коронавирус пневмониясы мен өкпе қабыну ауруларының барлық түрін бірге есептесек, жиынтық есебі  370 мыңнан асады (337 мың жалпы пневмония, 33 мың коронавирус пневмониясы). Онда өткен жылға қарағанда, 4,1 есеге өскен болады.

Сарапшылар мен кейбір дәрігер мамандар коронавирус пневмониясынсыз 3,8 есеге шарықтаған өкпе қабыну ауруының басты себебі – ковид инфекциясының нақ өзі дейді. Дегенмен билік пен билікшіл мамандар мұны толық мойындай қоймайды.

“The Qazaq Times”