Жұма, 11 қыркүйекте Қазақстанда 68 адамнан коронавирус, 307 адамнан пневмония анықталған. Қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде коронавирус пен оның пневмониялық түрін қоса есептегенде 4 368 ауру жағдайы, 95 өлім оқиғасы тіркелді.
ДенМин дерегінше, ауру жағдайының ең көбі төрт күн қатарынан Шығыс Қазақстан облысында 18 адамнан табылған. Апта басынан бері 86-ға өсті. Өңірдегі жағдай басқа аймақтарға қарағанда өршіп тұр.
Қазіргі таңда елде 4 550 адам емделіп жатыр. Оның 2 431-і стационарда, 2 119-ы амбулаторияда.
Жағдайы қиын 130 науқастың 20-сының ахуалы қатты нашарлаған. Сондай-ақ, 26 адам өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Сонымен қоса, жұма күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 307 адам тіркеліпті. Бірақ олардың қаншасы қай аймақтан екені белгісіз. ПТР тесті теріс шыққанымен, коронавирус салдарынан асқынған ақөкпе ауруының аймақтарға таралу дерегін тұрақты түрде жариялауға уәде еткен министр Алексей Цой да, оның көмекшісі, ведомствоның ресми өкілі Бағдат Қожахметов те сөзінде тұрған жоқ. Әлі күнге дейін коронавирус пневмониясының өңірлердегі динамикасын біле алмай келеміз.
Елде коронавирус жұққаны ПТР-тестімен расталғандар 107 мыңға жуықтаса, ақөкпеге асқынғаны 29 мыңнан асты. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 135 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептеп келеді.
Пандемия басталғалы жалпы жиыны вирус жұққандардың 2,5 мыңнан артығы (КВИ+ / U07.1 – 1661, КВИ- / U07.2 – 320, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.