Кеше, 1 қыркүйек Үндістан билігі мәлімдеме жасап, Үндістан армиясы Ладактың шығысындағы даулы шекара аймағында Қытайдың таяудағы «арандатушылық әскери әрекеттерінің жолын кескенін» мәлімдеді. Бір ай бұрын аталған аймақта Үндістан мен Қытай шекарашылары соңғы елу жыл ішіндегі ең қанды қақтығысқа түскен еді.

Үндістан Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Қытай Халық-азаттық армиясы сенбіге қараған түні «шекара мәртебесін өзгерту мақсатында арандатушылық әрекеттерге барған». Сондай-ақ, Қытай шекарашыларын екі тараптың аймақтағы қайшылықты шешу үшін тараптардың бұдан бұрын қол қойған «әскери және дипломатиялық күштермен жасалған келісімді» бұзды деп айыптаған.

Үндістан үкіметінің мәлімдемесіне қарағанда, екі елдің жоғары әскери қолбасшылары 31 тамыз күні кездесу өткізіп, шекара жағдайын талқылап, қайшылықты шешудің жолдарын іздеген. «Үндістан тарабы диалогқа деген ұмтылысын танытумен бірге шекаралық тұтастығын берік қорғау ұстанымын да анық сақтады», – делінген Үндістан Қорғаныс министрлігі.

Бейжіңде ҚХР СІМ өкілі екі ел өкілдері шекара қайшылығы турасында пікір алмасып жатқанын растады. Бірақ, ол Қытай шекарашыларының арандатушылық әрекеті туралы мәліметті теріске шығарды. «Қытай әскери күштері Қытай-Үндістан шекара сызығын кесіп өткен жоқ», – деп кесетті Қытай СІМ өкілі Жау Лижиян. Келіссөз мазмұны туралы ашық мәлімет таратқан жоқ.

Екі ел шекарасында сенбіге қараған түнде нақты қандай оқиға болып, қай тараптың қандай әрекет еткені туралы анық мәлімет жоқ. Бейжің мен Жаңа-Дели тек өз тарабының позициясын қорғау мақсатында әрекет еттік деген мәліметтер айтады. Дегенмен, үнді Қорғаныс министрлігі бір күннен кейінгі мәлімдемесінде: «Үндістан қарулы күштері Қытай армиясының Пангонг көлінің оңтүстік жағалауындағы іс-әрекеттерін тоқтату мақсатында және өз позициясын сақтау мақсатында шаралар қабылдады. Нәтижесінде Қытай армиясының арандатушылық әрекеттерін тоқтатты», – деген.

“The Qazaq Times”