Бүгін халықаралық жастар күнінде сот белсенді Әсия Төлесованың 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеді.
Бүгін Алматы қаласының Медеу аудандық соты қамаудағы белсенді Әсия Төлесованы кінәлі деп танып, 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу, 20 АЕК (55 560 теңге) көлемінде айыппұл төлеу және пробациялық бақылауда болу жазасына кесті.
Үкімді судья Тәкен Шәкіров оқыды. Сот онлайн режимде өтті. Бұған дейінгі сот отырысында Әсия Төлесова жәбірленуші 6 полиция қызметкерінен кешірім сұраған. Бірақ өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтқан.
Белсенді Әсия Төлесова 6 маусымда Алматы қаласында өткен митингіден кейін ұсталған. Ол наразылық кезінде полиция қызметкерінің фуражкасын қағып түсірген. Бірақ белсендіге қарсы қозғалған қылмыстық істе Нұрбек Темірханов, Мейіржан Тұрғанбек, Ернат Сабалақов, Тасқын Талдыбаев, Ұлан Абибулла, Тілек Төлегенов есімді алты бірдей жәбір көрген полиция қызметкері бар.