Астанадағы Министрліктер үйінің алдында саясаткер, Демпартия лидері Жанболат Мамай бастаған топ несие амнистиясын жүргізуді талап етіп, мыңдаған қазақстандықтың хатын президент Тоқаевтың кеңсесіне, Ақордаға өткізуге барды. Бірақ бастамашыл топқа арнайы жасақ кедергі келтіріп бөгеді. Арада жарты сағат өткен соң Президент әкімшілігі кеңсесі 78 мың адамның электронды, 9,6 мың адамның қағаз өтінішін қабылдап алды.
Сағат 11:00-ге жоспарланған саяси-әлеуметтік шараға тілшілер мен Демпартия жақтастары жиналған.
– Басты мақсатымыз – 100 мыңға тарта азаматтың қолы жиналған Қазақстан халқының несиелік амнистия туралы арызын Ақордаға өткіземіз. 5,5 миллионға тарта азаматтың 4,4 трлн теңге берешегін бір ретке өтеуге мемлекеттің шамасы жетеді. Бір ай ішінде мерзім береміз. Егер шешім болмаса, бір айдан соң халықты бейбіт митингке шақырамыз. Билік халық талап еткенде, көшеге шыққанда ғана қолға алатын әдеті бар, – деді Демпартия бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай.
Дегенмен 100 мың адамның қолы қойылған хатты Ақордаға беттеген топтың алдын ондаған әскери бөгеп, көпірден де, айналма жолдан да өткізбей қойды.
Грузияда, БАӘ, Оңтүстік Кореяда, Моңғолиядағы несиелік рақымшылық тәжіриебесін алға тарта отырып, дәл мұндай көмек пандемия кезінде аса маңызды, қажетті қадам деп санайды.
«Несиелік амнистия жариялау Қазақстанда ойлап табылған бағдарлама емес. Бұған дейін Грузияда 600 мың адамның 1.5 миллиард долларды құрайтын несиесі кешірілді. Моңғолия президенті 2020 жылы қаңтар айында елдегі барлық зейнеткерлердің несиесін кешірді. Несиелік амнистия Оңтүстік Кореяда, Біріккен Араб Әмірліктерінде де жарияланды. Сондықтан, әлемдік прецедент бар.
Несиелік амнистия жариялауға ақша жоқ деген сылтауға да біз сенбейміз. Сіздің сөзіңізге сенсек, Ұлттық қорымызда 90 миллиард доллар қаражат бар. Одан бөлек, тәуелсіздік жылдарында офшорға 140 миллиард доллар аударылған. Сол ақшаны неге қайтармасқа?» дейді ол.
Шамамен сағат 11:10 өткенде әлеуметтік қашықтықты сақтамай, шынжыр тізбек құрып тұрған әскерилердің жолын бөгеуіне наразы белсенді топ «Тоқаев, шық!» деп ұрандасты.
Арасына арандатушы жіберілді деген белсенді топ тек «ресми уәкіл келіп талап-арызды қабылдап алуын» сұрап тұрғанын айтады.
Министрліктер үйінің маңында топтасқан жұртқа сағат 11:33-те өзін Президент әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Қадір Данияр Рамазанұлы деп таныстырған адам құзырлы мекемеге (Министрліктер үйінің 15 блогына – QT) ертіп әкетті.
Белсенді топтың жеті өкілі кеңсе қызметкерлеріне 78 мың азаматтың электронды нұсқадағы арызы мен қағаз түріндегі 9600 арызды тапсырып жатыр. Тікелей эфир жүргізіп тұрған Демпартия мүшесі Жанбол Рахматулла кеңсе төрінде қазіргі мемлекет басшысының емес, экс-президент Назарбаевтың портреті тұрғанын сынға алды.
Жанболат Мамай екі айдан бері күніне сағат 11-ден 16:00-ге дейін арыз қабылдағанын айтады.
Түскі сағат 12:18-де Мамай қорытынды сөзін сөйледі:
– Індеттің қарқыны ақырындап жатыр деді ғой. Қыркүйекке дейін бір ай күтейік. Талапты орындамаса, митингке шығамыз. Халықтың аманатын тапсырдық. Талапты орындатпай қоймаймыз. Тоқаев бүкіл халықтың несиесін бір рет кешіруге шешім қабылдауы тиіс. Соңына дейін күресеміз, – деді.
Маусым айы басталғалы бері Жанболат Мамай әлеуметтік желілер мен интернет арқылы коронавируспен қатар келген экономикалық ауыр дағдарысты бастан кешіріп жатқан елді несие рақымшылығын талап етуге шақырып келеді. Демократиялық партия құруды көздейтін топ тамыздың басында «Еститін мемлекет», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен саясат жүргізуге уәде еткен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жазып, ашық дереккөздерде жариялаған еді.