Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 вирусының бастау көзін зерттеу үшін Қытайға жіберген екі зерттеушісі Бейжіңге жетті. АҚШ және бірқатар әлем елдері қауіпті вирустың жаһандық індетке айналуына Қытай үкіметінің жауапкершілігі бар деп санайды. Сондықтан да, халықаралық зерттеуші мамандардың Қытайға баруын Бейжің билігі жылы қабылдай қоймайды.
Гонконгтағы South China Morning Post басылымының хабарлауынша, Бейжің жақ ДДҰ зерттеушілерінің Қытайға келуі туралы ешқандай мәлімдеме таратпаған. Ресми БАҚ та үнсіз қалған. Қытай үкіметі екі сарапшының аты-жөні, жұмыс сапарлары және зерттеу бағыты туралы нақты ақпарат бермеген.
Халықаралық сарапшылардың Бейжіңге сенбі және жексенбі күндері барғанын Associated Press агенттігі ғана хабарлаған. Қытай СІМ өкілі зерттеушілердің Қытайға барғаны туралы ақпаратты кеше ғана растады.
Жаһандық індетке айналған вирустың Қытайдың Ухань қаласында пайда болғаны бүкіл әлемге белгілі. АҚШ , Аустралия т.б көптеген елдер халықаралық қауымдастықты Уханда халықаралық тәуелсіз зерттеулер жүргізуге шақыруда. Алайда, Қытай бұл талаптан ашық бас тартып отыр.
Халықаралық БАҚ-тың хабарлауынша, екі маманның Қытайға барудағы миссиясы Қытайдың денсаулық сақтау саласының басшыларымен және ғалымдарымен бірлесе жұмыс жасау, алдағы уақытта ДДҰ әлемге хауіп алып келген вирус жайлы Қытайда тергеу жүргізу үшін халықаралық арнайы топ құрмақшы. Ал екі зерттеушінің Қытайға баруы тергеудің бастапқы шаралары болмақ.
Алайда АҚШ өткен аптада ДДҰ-дан шығатынын мәлімдеді, бұл ДДҰ-ның Қытаймен осы зерттеу бойынша келіссөздер жүргізудегі басымдылық әлсіретті. Америка Құрама Штаттары ДДҰ-ның ең ірі қолдаушысы болып табылады, жыл сайын ДДҰ-на шамамен 450 миллион доллар ақшамен қаржыландырады.