Солтүстік Корея лидері Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын) билеуші партияның жиналысында химия саласын қамтыған экономикалық жобаларды талқылаған. Бұл туралы сол елдегі Орталық ақпарат агенттігі хабарлаған.
Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына қарсы санкциялар ел экономикасын алқымнан алып тұрған тұста, әлемді шарпыған пандемия да КХДР экономикасының болашағын бұлдырата түсті. Ал, Солтүстік Корея билік партиясының екі күндік отырысында «ұлттық өзін-өзі қамтамасыз ету экономикасын одан әрі дамыту және адамдардың өмір сүру деңгейін жақсарту барысында туындайтын негізгі мәселелер» деген тақырыптар талқыланған.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, КХДР билеушілері аталған жиында «химия өнеркәсібі – ұлттық экономиканың маңызды бағыты» деп бірнеше рет атап өткен. Орталық ақпарат агенттігі Ким Жоң Унның сөзіне сілтеме жасап, тыңайтқыштар өндірісінің қуатын арттыруға басымдық беруді тапсырған.
Естеріңізде болса, Солтүстік Корея басшысының денсаулығына қатысты түрлі алып-қашпа әңгімелерден кейін, 1 мамырда Ким Жоң Ун елдегі химиялық тыңайтқыш зауытының ашылу салтанатында бой көрсеткен еді. Жалпы, Солтүстік Корея басшысы соңғы бірнеше жылда шетелдік сапарларға жиі шықты. Бұл оның денсаулығына байланысты түрлі әңгімелердің өршуіне де себеп болған. Оның үстіне оның науқастанғаны туралы мәліметтер әлемде коронавирус тарап жатқан кезге тұс келді. Бірақ, Солтүстік Корея елде Covid-19 эпидемиясы табылғанын мәлімдеген жоқ. Бірақ, елдегі ақпарат көздері аталған жұқпалы аурудың тарқау мүмкіндігін жоққа шығармады.