«Ұлыбритания Гонконг халқын тастамайды». Бұндай мәлімдемені Британ бас уәзірі (премьер-министрі) Борис Жонсон жасады. Ол мәлімдемесінде: «Егер Қытай тарабы Гонконгта «Британ-Қытай бірлескен декларациясы» бойынша Қытайдың халықаралық міндеттемелерін бұзатын қауіпсіздік заңын қабылдайтын болса, Ұлыбритания Гонконг халқын елеусіз қалдыра алмайды», – деді.
Британдық «Таймс» басылымындағы пікірінде Жонсон: «Гонконгтың табысқа жетуінің себебі – оның халқының еркіндігінде. Егер Қытай ұлттық қауіпсіздік туралы заңның Гонконг нұсқасын қабылдаса, бірлескен декларациядағы Қытайдың міндеттемелерін тікелей бұзған болып есептеледі. «Қытай-Британ бірлескен декларациясы» БҰҰ мақұлдаған ресми келісім», – деді.
Оның айтуынша, қазір Хоңкоң (Гонконг) халқы өздерінің еркін өмір салттарының бұзылуынан алаңдауда, ал Қытай бұл аймақты қайтарып алған кезде Гонконг азаматтарының өмір салтын сақтауға уәде берген. Бейжің қабылдағалы отырған заң олардың келісімді ашықтан-ашық бұзуы болатынын ескерткен. «Егер Қытай Гонконг халқы алаңдайтындай бағытта қадам басатын болса, Ұлыбритания жай қарап отыра алмайды. Біз өз міндеттерімізді орындаймыз немесе балама нұсқаларын ұсынатын боламыз», – деді.
Бас уәзірдің мәлімдемесіне қоса, сейсенбі күні Ұлыбританияның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі Британ-Қытай арасындағы қарым-қатынасты «түзетуге» келісті.
Айта кету керек, 1997 жылы Британия Қытаймен ортақ декларация қабылдай отырып, 100 жыл отарлаған Гонконгты Қытайға қайтарған. Қытай аталған ерекше әкімшілік аймақты қайтарып ала отырып, Гонконгтың капиталистік жолмен жүруіне, демократиялық құқықтарына қол сұқпауға, ерекше автономиялы аймақ ретінде мәміле жасауға уәде еткен.