Былтыр қыркүйекте Алматы облысындағы Шамалған кентінде болған автобус пен пойыздың соқтығысына қатысты сот үкім шығарды.
Алматы облысына қарасты Қарасай ауданының соты сол кезде аймақ тұрғындарын өре түрегелткен апатқа айыптылардың қатарында жергілікті станция кезекшісі Д.Ахмеджановты үш жарым жыл шартты жазаға кесті.
Қарасай аудандық соты Facebook желісіндегі ресми парағында жариялаған мәліметке қарағанда, Ахмеджановқа Қылмыстық кодекстің 344-бабы бойынша ("Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу") айып тағылған.
Былтыр 15 қыркүйектің кешкісін ел жұмыстан қайтар кезде Шамалған станциясындағы теміржол өткелінде Алматы-1-Қостанай бағытындағы жүрдек поезы және Қаскелең-Алматы-1 бағытында қатынайтын Setra маркасы жолаушылар автобусы күшті қарқынмен соқтығысып, салдарынан салоннан шығып үлгермеген автобус жүргізушісі опат болып, тағы үш адам (әйел мен оның екі баласы) қатты жараланған еді.
Сондай-ақ сот жәбірленушілердің азаматтық талап арызын қарап, мынадай шешім шығарған. Олар:
- Э.Жаныбековаға "Қазақстан темір жолы" ҰК АҚ-нан 5 млн, "Қаскелең автобус паркі" ЖШС-нен 5 млн теңге;
- Б.Аубакирға "Қазақстан темір жолы" ҰК АҚ-нан 15 млн, "Қаскелең автобус паркі" ЖШС-нен 15 млн теңге;
- Л.Джарылгасоваға "Қазақстан темір жолы" ҰК АҚ-нан 15 млн, сонымен қоса Д.Ахмеджановтан 600 мың теңге төлеуге міндеттеді.