Беларусь билігі ескертуге қарамастан шетелге кеткен азаматтарды елге қайтармайды. Бұл туралы ел президенті Александр Лукашенко мәлімдеді.
Лукашенко: «Адамдарды өздері және жақындары үшін жауапты болуға үйрететін кез келді. Егер жөтеліп немесе түшкіріп жүрсең сыртқа шықпай, өзгелерге жұқтырма. Бар мәселе осында. Біз шетелге бармауды талай рет айтқанымызбен бәрібір тыңдамайды. Ескертуімізден кейін шетелге кеткендерге чартер жібермейміз. Енді пандемия біткенше, сонда қала берсін», — дейді.
Осы аптадан бастап Беларусьте елден кетпеу ескертуіне құлақ аспай, шетелге барған азаматтарға қарсы қатал шара қабылданбақ.
Елде соңғы бір тәулікте коронавирусты жұқтырғандар саны 10%-ға өсіп, 76 адамға жетті. Бірақ үкімет әлі күнге дейін карантин жариялаған жоқ. Жеке меншік компаниялар өз бетімен қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстырып жатыр. Студенттер оқуға бойкот жариялап, сабаққа барудан бас тартқан.