Азия базарында мұнай бағасы 31 пайызға дейін арзандады. Мұнай бағасының күрт құлдырауы мұнай өндіруші елдер арасындағы келіспеушілікке байланысты екені белгілі. Қара алтынды өндіруші елдер мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімге келе алмады. Бұл бірқатар елдің валюта жүйесіне кері әсерін тигізбек.
Мұнай өндіруші елдердің ОПЕК ұйымына мүше әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші Сауд Арабиясы сәуір айынан бастап мұнайдың әр баррелінің құнын 6-8 долларға дейін арзандататынын жариялады. Іле-шала Brent маркалы мұнай 31 долларға дейін арзандады. Нәтижесінде, ең әуелі АҚШ долларына деген Ресей рубльдің құны құлдырап сала берді, рубльге ілесе теңгеміздің де құны тағы арзандады.
Ақпан айының соңында Brentт мұнайының бағасы 50 доллар шамасында болатын. Келіссөздер нәтижесіз болғаннан кейін 6 наурыз да 9 пайызға арзандаған.
Блумбергтің белгілеуіндей мұнай бағасының мұндай күрд құлдырауы 1991 жылы «Шығанақ соғысы» кезінде болған еді. Блумбергтің айтуынша ОПЕК мүшелері және бұл ұйымнан тыс бірқатар мұнай өндіруші елдер арасындағы келіссөздің нәтижесіз болуы Мәскеудің позициясы себеп болды болған. Айталық, Ресей тарабы мұнай өндірісін қысқарту туралы қосымша шарттарға қарсы болды.
Кезекті келіссөзден нәтиже шықпағаннан кейін, ОПЕК келісім мерзімін жыл соңына дейін шегерді. 2020 жылдың екінші жартысында мұнай өндірісін күніне 1,5 млн баррелге дейін қысқарту туралы ұсыныс жасалған. Бұған Мәскеу келіспеді. Келіспейтін де себебі бар, Мәскеу бұл шаралар америкалық шикі мұнай өндірісіне ғана пайда алып келетінін алға тартуда.
Расында, мұнай өндіруші елдердің мұнай өндірісін қысқартуы қазір ықпалға ие бола алмай тұрған АҚШ мұнай өндірісіне ғана пайда алып келуі мүмкін. Бұл мұнайға негізделген жүйенің жаңа тәртібін орнатқысы келетін қаржылық топтардың мүддесі болуы да ғажап емес. Сауд Арабиясының шешімі мұнай бағасын құлатқаны рас, бірақ Сауд патшалығының арқасында америкалық ала байрақтың тұрғанын кім білмейді.
Алайда, кейбір батыстық агенттіктер мұнай бағасының құлдырауы Ресейдің бюджеттік тапшылығын күшейтіп, оның соңы девальвацияға алып келуі мүмкін деп ескертті.