Бүгін бір топ белсенді коронавирус індетінің өршуіне байланысты Алматы қаласы әкімдігіне жиналды. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірнеше талапты қамтитын хат жолдады. Белсенділерді қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмар қабылдады. Алайда жиынға ақпарат құралдары қатыстырылған жоқ.

Қоғам белсендісі Балташ Тұрсымбайдың сөзінше, БАҚ өкілдерін жиынға кіргізбеу дұрыс емес. Себебі коронавируске қарсы шаралардан залық құлағдар болуы тиіс.

Президентке ұсынылған хатта:
- Қазақстан-Қытай шекарасын жабу, Қытайдан тауар тасымалдамау;
- Коронавирус деректері анықталған мемлекеттермен әуе қатынасын тоқтату;
- Алматыда карантинде жатқан 111 қытай азаматын өз елдеріне қайтарып, олардың орнына Қазақстан азаматтарын орналастыру;
- Дәріханалардағы маска тапшылығын жою;
- БАҚ арқылы халықты ақпараттандыру және мемлекеттен бөлінген қаржының жұмсалуын қатаң қадағалауды талап еткен.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтан жауап күтеміз деген бастамашыл топ өкілі Рысбек Сәрсенбай белсенділер осы талап-арыздың орындалуын қадағалау мақсатында 13 наурызда әкімдік алдына қайта жиналатынын айтты.

Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда шамамен мыңға жуық адамның карантинде жатқанын хабарлады. Коронавирус табылған елдерден келген 8 мыңнан астам адам дәрігерлер бақылауында. Бұған дейін «Қазақстан темір жол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев коронавирусқа қарамастан Қазақстан Қытаймен жүк тасымалын тоқтатпайтынын хабарлады.

Айта кетейік, ошағы Қытайдың Хубэй провинциясынан басталған COVID-19 вирусы 81 мемлекетке тарап үлгерген. Соңғы деректер бойынша, әлемде 98512 адам вирус жұқтырса, 3385 адам өлім құшқан.

"The Qazaq Times"