Түркияның әуе қорғаныс күштері Идлиб әуе кеңістігінен Сүрия үкімет күштеріне тиесілі екі ұшақты атып түсірді. Бұған қоса Түркия-Сүрия күштерінің құрлықтағы соғыстары да толастаған жоқ.

Түркия мен Сүрия арасындағы соғыс қыза түскен сайын Түркияға жақын Еуропа елдері алаңдай бастады. Себебі, осыған дейін Сүриядан ағылған босқындар Түркия жерінде қалып, Еуропаны 5 миллионнан астам (ресми дерек 3,7 млн деп көрсетеді, кейбір қоғамдық ұйымдар Түркиядағы босқындар саны бұдан әлде қайда көп деп қарайды) босқындардан сақтап тұрған болатын. Егер соғыс арыға жалғасса Түркияға бас сауғалаған және Сүрияның Идлиб жеріндегі босқындар Еуропаға ағылуы мүмкін. Оның үстіне Түркия үкіметі Еуропаға өтіп кеткісі келетін босқындардың жолын тоспайтынын жеткізді.

Мигранттар ағынынан алаңдаған Грекия билігі Түркиямен шектесетін барлық құрлық және теңіз шекараларындағы тосқауылды күшейтті. Өткен жексенбінің өзінде Грек аралдарының бірінде 500-ден астам босқынның жиналғаны белгілі болды. Ал, құрлықтағы шекарасынан 10 мыңға жуық мигрант кері қайтарылды. Кейбір жерлерде полициямен қақтығыстар болып, полиция күштері көзден жас ағызатын газ қолдануына тура келді.

Грекияның үкіметі жасаған мәлімдемеде мигранттардың Грекияға үлкен басымдық алып келгенін, ал Анкараны соған жол беріп отыр деп айыптады. Бірақ, жексенбіде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мәлімдеме жасап, Түркия босқындардың жаңа ағымын тоқтата алмайтынын айтты.

Ал, Идлибтің өзінде Башар Асадқа қарсы күштердің бақылауында 3,5 млн шамасында босқын бар. Идлибтегі соғыс тереңдей түссе онда босқындардың жаңа толқыны пайда болып, бұл Түркияға ғана емес оған жақын Еуропа елдеріне де үлкен әлеуметтік дағдарыс ала келуі мүмкін. Идлиб соғысына көп елдің баса назар аударып отырғаны да сол.

“The Qazaq Times”