Қытайда бастап таралған «ковид-19» қауіпті жаңа виусынан кейін әлем халықтарының азиялықтарға, оның ішіндегі қытайлықтарға деген мәмілесі өзгергені байқалады. Кейбір Батыс елдерінде қалыпты сырқатпен емханаға барған Қытай азаматтарын сол елдердегі емханалар қабылдамай қойған.

Жаңа коронавирус тараудан бұрын да синофобия әлемнің көптеген елдерінде белең алған. «ковид-19» вирусы таралғаннан кейін қытайларға деген мұндай мәміле тіпті күшейіп кетті. Бұндай қарсылық мәмілесі әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі формада көрінуде. Әсіресе, АҚШ пен Аустралияда (Австралия) қытайларды «лас және мәдениетсіз» деп атау соңғы кездері жиілеген, ал кейбір елдерде қытайларға «вирус» деген ат қойып, айдар таға бастаған.

Жаңа вирус туралы көптеген өтірік пен шыны аралас ақпараттарда вирустың азық-түлік базарында бастап тарады деген мәліметте жүргенін білеміз. Әрі, Ухандағы аты жайылған сол базардың аң-құстан тартып, бақа-шаянға дейін сатылатыны туралы да әлеуметтік желілер де түрлі фото және видео жазбаларда тарап жүрді. Бұл ақпараттардың кең таралғаны соншалық, алыс құрылық адамдарына дейін «қытайлар қыбырлағанның бәрін жейді» деген сөзді жиі айтатын болған. Тіпті, Қытайдың коммунистік билігі әлем халқын қолдан жасалған вируспен қырып салады деген үрейге жақын пікірлер де бар.

Гонконг университетінің профессоры Дональд Лоу синофобияның күшеюіне байланысты: «Батыс елдері Қытайдан біршама алыс болып, Қытай туралы терең біліп кетпейтіндіктен синофобия күшейді; ал, шығыс және оңтүстік шығыс азия елдері Қытайға жақын болып, Қытай туралы жақсы білетіндіктен синофобия күшейтті», – деген пікірін білдірген.

Сингапур мен Малайзия қатарлы Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде Қытай азаматтарын елге кіргізбеу туралы қоғамдық қарсылық күшейіп, үкіметке осындай ұсыныс жасаған мыңдаған хаттар келіп түсті. Ал, Жапонияда болса қытайларды «био террористтер» деп атай бастаған.

Қытай тарихтан бері Азиядағы ықпалды ойыншылардың бірі болып келген. Оған жақын мемлекеттер мен мемлекеті жоқ халықтармен тарихи араздығы, территория таласы және мүдделік қақтығыстары болғаны да белгілі. Оның үстіне әлемдегі ең көп халық санына ие мемлекет ретінде Қытай жарылғалы тұрған бомба іспетті көрініп келді. Коммунистік билік Қытайды уысына ұстағаннан бері де жақсы аты көп шыққан емес. Оның үстіне, Шынжаңдағы, Тибет жеріндегі, өзге де аз санды ұлттарға жасаған қысымы да әлем елдеріне синофобияны өршіте түсті. Әсіресе, Шынжаңдағы мұсылман азшылықтарына жасаған қысымы өзіне жақын бірнеше жүз миллион халық саны бар мұсылман әлемінің қарсылық пікіріне қалды. Бұдан басқа да синофобияны өршіткен себептер толып жатыр.

“The Qazaq Times”