Кеше, ақпанның 11-і, елді елеңдеткен Қордай қақтығысынан кейін төртінші күні экс-президент Назарбаев қазақ-дүнген жанжалы туралы пікір білдірді.
Апта басында бірқатар ауыс-түйіс жасаған ауыспайтын төраға Қауіпсіздік кеңесінің жиынында:
– Қазіргі жағдай мені қатты алаңдатып отыр. 30 жылдың ішінде халқымызбен бірге бірталай қиындықтарды бастан өткердік. Қазіргі жастар сол ауыртпалықтарды елестете де алмайды. Қазақстанда 130 кәсіпорын жабылып, 2,5 миллион адам жұмыссыз қалды. Үйлерде жылу жоқ, азық-түлік тапшылығы туындады. Біз осы сынақтардың бәрінен бірге өттік, - деді.
Назарбаев "көпұлтты халқымызды біріктіріп, тұрақтылықты қамтамасыз ете алмасақ, бүгінде елімізге шетелдік инвестиция келмей, экономика тұралап қалушы еді" деп мәлімдеді.
Ол "Қазақстан халқы ассамблеясы елдегі мұндай жағдайларды алдын алып, бақылауда ұстауы керек" деп санайды.
Өткен жұма күні кешкісін Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақ-дүнген қақтығысы болып, салдарынан 10 адам қаза тауып, 19 полицей мен 40-тан астам тұрғын жараланып еді.
Сарапшылар мен азаматтық белсендінің көбі болған жағдайға "билік кінәлі" екенін айтып, мұның түбі жылдар бойы қордаланып, назар аударылмаған әлеуметтік теңсіздік, ұлттық теңсіздік және жемқорлық мәселесімен байланыстырады.