Қамауда негізсіз отырған күйеуін қайтаруды талап еткен Фарида Қабылбек бүгін астанадағы Қытай елшілігіне барды.
Азаттықтың хабарлауынша, «тірі жесір» атанып отырған азамат үстіне күйеуі туралы мәліметтер жазылған плакат іліп, жалғыз адамдық пикет өткізген.
Бұған дейін Қытайдан келіп, Қазақстан азаматтығын алған әйел күйеуі Рахымжан Зейнолланы босатуды талап етіп, Қытайдың Алматыдағы консулдығына да барған. Бірақ консулдық қызметкерлері ешқандай реакция білдірмеген. Оның айтуынша, күйеуі адам құқықтары едәуір жақсы қорғалған елдер «адам хақы тапталып жатыр» деп айыптайтын аспан асты елінде 13 жыл түрмеде отырып, артынан 1,5 жыл саяси лагерьге қамалған.
Сыртқы істер министрлігі 2003 жылдан бері Қазақстан азаматы саналатын Зейнолланың ісіне қатысты Қытай елшілігіне ресми хат жолдаған. Алматы облысының ішкі істер департаменті Көші-қон полициясы басқармасының құжатында «1963 жылы ҚХР туылған Зейнолла Рахымжан Қазақстан Республикасы президентінің 2004 жылғы 12 наурыздағы №1302 жарлығымен Қазақстан Республикасының азаматы болып саналады» деп расталған.
Ведомство хабарламасында «оны жазықсыз ұстап, «тыңшы» деген айыппен 2004 жылы 13 жылға соттап, түрмеге қамады. Одан соң бір жарым жыл саяси лагерьде ұстады, ал содан кейін үйқамақта отырғанына бір жыл, бір ай болды», – делінген.
Бүгінгі акцияда Фарида Қабылбектің құжаттарын Қытай елшілігін күзететін полиция қызметкерлері тексерді. Ол елшіліктің құжат қабылдау бөліміне кірді.
Әйелінің сөзі бойынша, Қытай органдары Рахыжан Зейнолланы 2004 жылы Шыңжаңға өзімен бірге қыдырып барған кезде ұстап, «тыңшылықпен айналысу» айыбымен он үш жылға сотталған.
– Қазақстанда оқығысы келген жиырмаға жуық баланың құжаттарын жөндеуге, шекарадан өтуіне көмектесті. Оның бар «қылмысы» – сол ғана, – дейді ол.
Соңғы кездері Қытайдағы қысымнан қашып келіп жатқан этникалық қазақтар қатары көбейген.