Қазақстан ең төменгі жалақының өсу деңгейі бойынша әлемде соңғы орында тұр.
Қазақстан экономикасына мониторинг жүргізетін Ranking.kz порталының мәліметінше, «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сай, 2020 жылы елімізде ең төменгі жалақы 42,5 мың теңге болып қала беретіні туралы шешім қабылданды».
2018 жылы ол 28,3 мың теңге болған. Әлем елдеріндегі ең төменгі жалақы есептеулері әртүрлі. Picodi.com порталы заңды бекітілген 54 елдің ең төменгі жалақысына зерттеу жүргізіпті. Талдау нәтижесінде түрлі елдердегі салық жүктемесінде айтарлықтай айырмашылық бар екені анықталды. Мысалы, Филиппин мен Гонконгте ең төменгі жалақыға салық салынбайды, ал басқа елдерде салық төлегенге дейінгі және одан кейінгі жалақы айырмашылығы 40 пайызға (Румыния) жетеді.
Ең төменгі жалақы мөлшерінің ең көп сомасы Люксембург (1989 АҚШ доллары), Австралия (1923 АҚШ доллары), Ирландияда (1743 АҚШ доллары) байқалады. Үздік ондыққа Нидерланды, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Канада, Бельгия, Германия және Франция кіреді. Ең аз жалақы деңгейінің өсуі бойынша да рейтинг жасалды. Биылғы оң өсім Нигерияда тіркелген (64,8 пайыз). Алайда, долларға шаққанда бұл елдегі кепілдендірілген ең төменгі жалақы деңгейі әлем бойынша аз (74 АҚШ доллары) болып қала береді. ЕТЖ өсімі бойынша үздік 3 елдің қатарына Әзірбайжан (жылына 37,7 пайыз қосылады) және Аргентина (37,1 пайыз) кірді. АҚШ, Испания, ОАР және Латвия сияқты кей елдерде ең төменгі жалақы 2019 жылдан бері өзгерген жоқ.
Қазақстан ең төменгі жалақы өсімінің рейтингінде соңғы, 54-ші орынға түскен. Биыл аталған сома бұрынғыша қалды және қызметкердің қолына алатын ақшасы осы жылдан бастап сақтандыру жарнасының қайта енгізілуіне байланысты 1,1 пайызға төмендеді: 38250 емес, 37825 теңге. Ресейде өсім 7,5 пайыз, Арменияда – 25,2 пайыз, Беларусьте – 13,6 пайыз.
Қазіргі таңдағы мемлекеттік төлем көлемі мынадай:
- Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 16839 теңге;
- Ең төменгі зейнетақы мөлшері – 38636 теңге;
- Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2651 теңге;
- Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы – 31183 теңге.