Бүгін, қаңтардың 16-сы кешке қарай Алматы облысы Жаркент қаласының Панфилов аудандық сотында «шекараны заңсыз кесіп өтті» деген айыппен күдікке ілінген Шыңжаң қазағы Тілек Тәбәрікұлына сот үкім шығарды.

;feature=emb_title">Азаттықтың сот залынан таратқан хабарына қарағанда, Тәбәрікұлының туыстары мен белсенділер қатысқан сот процесін судья Динара Құйқабаева қарады. Тәбәрікұлы 2018 жылы мамыр айында Қорғас сауда орталығында оңтайлы тұсты пайдаланып Қазақстан-Қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен.

Сот отырысы барысында адвокат Абдулла Бақберген этникалық қазақтың ықтиярхатының көшірмесі мен азаматтық алуға жазған өтініші, тағы бірнеше құжатты іс материалдарына қосуды сұрады. Судья өтінішті қанағаттандырды.

Прокурор Азамат Байсаров айыптау актісінде «шекараны әдейі кесіп өтуінің мақсаты – Қазақстан азаматтығын алу болған, өйткені бұрын онда Қазақстанның ықтиярхаты болған» деді. 2017 жылы желтоқсанда Қытайға өткен кезде жергілікті мекеме құжатын алып, қайтармай қойған. Осылайша 2018 жылы көктемде 30 юань ақшаға рұқсат қағазын сатып алып, Қорғас сауда аймағынан заңсыз, ешбір тіркеусіз жасырын Қазақстанға өтіп кеткен. Саналы түрде тәуекел етіп тарихи отанына қашқан айыпталушы өз қатесін мойындаған әрі қандай жаза болса да Қытайға қайтармауын сұрап, оны елде өтеуге дайын екенін жеткізген.

Деңгейі «онша ауыр емес қылмыс» болғандықтан, бұрын ешқашан істі болмағанын және өзінің қатесін шын жүректен мойындауын, мұндай қадамға отбасымен қосылу мақсатында барғанын ескере отырып үкім кесті. Судья Қылмыстық кодекстің 392 бабы бойынша 6 айға бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі барынша төмен колонияда өтеу туралы үкім шығарды.

22 қазаннан бастап тергеу изоляторында болғанын есепке алғанда, ол 5 ай 18 күнін өтеген болып шығады.Сондай-ақ 30 жастағы Тілек Тәбәрікұлын жәбірленушілер қорына 10АЕК (25 250 теңге) көлемінде айыппұл өтеуге міндеттеді.

2018 жылы тамызда этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың соты өтіп, елде қалғанымен босқын мәртебесін ала алмай, Швецияға қоныс аударған болатын.

Ал былтыр 23 желтоқсанда Жаркент соты Қытай қуғын-қысымынан қашып келген Қайша Ақанды алты айға шартты жазаға кескен еді. Бұған дейін  Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы күзде азшылық ұлттарға жалынын бүркіген аждаһадан бас сауға іздеп, шекара кесіп өткен. Олардың соты 6 қаңтарды басталды.

“The Qazaq Times”