Күні кеше ғана Арбаттың қақ ортасында орналасқан асхананы жермен жексен еткен сот орындаушыларының бұл әрекеті заңға сәйкес белгіленген мерзімде орындалғандығы айтылып жатыр. Аталған мекенжай бойынша жалға берілген жер телімінің уақыты 2016 жылдың 27 наурызында өтіп кеткен. Басқарма мен құрылыс салушыларға қатысты ҚР әкімшілік құқық бұзушылық бойынша кодексінің 319 бабымен мамандандырылған ауданаралық сотына әкімшілік іс жіберілген болатын. Борышкерге алдын ала ескерту хаты жіберілген, бірақ өз еркімен бұзу туралы ешқандай шара қолданылмағандықтан, әкімшілік тарапынан күштеп қирату жұмыстары жүргізілген.
Ал "Қонаев" атындағы қордың үстінен әкімшілік іс қозғалып және үкіметтің жерін заңсыз басып алды деген айыппен қомақты көлемде айыппұл да салынып отыр. Себебі, бұзылған Асханаға солардың қатысы бар деп отыр.
Осы мәселеге байланысты бірнеше сұрақтың туындайтыны рас. Егер бұл аймаққа белгілі бір нормативтік рұқсат берілмей, сонымен қатар құрылыс жұмыстары авторлық және техникалық бақылаусыз жүргізілген болса, бірнеше жылдан бері жеке кәсіпкердің шағын кәсібін дөңгелетіп келгені және құқық қорғау органдандарының назарына енді ғана іліккені.
Егер жер тілімін заңсыз иемденіп құрылыс жұмыстары жүргізілген болса, осы асхана жеке кәсіп ретінде қалай тіркелген болуы мүмкін?
Алматы қаласының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына осы объектінің заңсыз салынғандығы және жалға беру уақытының өткендігі жайында жеке тұлғадан ақпарат келіп түскен. Осы арыздың негізінде тексеріс жұмыстары жүргізіліп, заңбұзушылық факторлары анықталған екен. Соған сәйкес комитет сотқа шағым түсіріп, сот шешімі негізінде Алматы қаласының Мемлекеттік сәулет- құрылыс бақылау басқармасы "Компот" асханасын қирату жұмыстарына кіріскен. Заңға сәйкес бірнеше мәрте ескерту қағаздары жіберіліп, асхана қожайыны жерді өз еркімен босатуы талап етілген болатын.
Комитет өкілдерінің айтуынша, жалға алу уақыты өтіп және заңсыз тұрғызылғандықтан, жеке кәсіпкерге ешқандай өтемақы төленбейді. Керісінше, әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынған.
Алматы қаласының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына жеке тұлғадан ақпарат келіп түспесе, асхана әлі де өз жұмысын жалғастыра берер ме еді?
Жалпы қаладағы мемлекетке тиесілі және жалға берілген аймақтарға құрылыс жұмыстарын жүргізу және жеке кәсіп ашу секілді мәселерді қарастыратын болсақ, құрылыс нысандарының заңды немесе заңсыз екендігі жайында арнайы тіркелетін ақпарат жоқ болып отыр. Комитет өкілдері: "Біз қаланың барлық құрылыс нысандарына барып, заңды, не заңсыз екендіктерін тексеруге міндетті емеспіз. Ал кез-келген тұлғадан белгілі бір ақпарат келіп түссе ғана сол нысан жайында зерттеу жұмыстарын жүргізуіміз қажет" - дейді-мыс.
Сонда қалада тағы да жалға беру уақыты өткен немесе заңсыз тұрғызылған құрылыс нысандары болуы мүмкін және кез-келген уақытта оларды да дәл осылай қиратуы да ғажап емес деген сөз. Ал келіп түскен ақпарат, арыздар арнайы порталға тіркеледі. Бірақ бұл ақпарат тек құзырлы органдардың өкілдеріне ғана қолжетімді. Айта кететін бір жайт, арыз берушінің себебі ескерілмейді, тек ақпарат қана қарастырылмақ.
«The Qazaq Times»