Жапония мен Қытай «Бесінші саяси құжатқа» қол қоймақ. Екі елдің болашақ қарым-қатынасының дамуына негіз қалайды делінген бұл құжатқа Қытай басшысы Ши Жипиңның (XI Jinping/Си Цзиньпин) осы көктемге жоспарланған Жапонияға ресми сапары кезінде қол қойылады деп күтілуде. Бұл туралы жапонның «Киодо» ақпараттық агенттігі бейсенбі күні (9 қаңтар) хабарлаған болатын.
Хабарға қарағанда, Жапонияның СІМ лауазымды өкілдері 13 қаңтарда Бейжіңге сапарлай барып, жапон-қытай қатынасын дамытуға арналған аталмыш құжат бойынша консультациялар бастауды жоспарлап отыр.
Жапон-қытай қатынасының тарихына назар аударғанда, екі ел ресми дипломатиялық байланысты қалпына келтіргеннен бері 4 рет маңызды саяси құжатқа қол қойғанын көреміз. Алғашқысы 1972 жылғы «Жапон-Қытай бірлескен меморандумы»; екіншісі 1978 жылы қол қойылған «Жапония-Қытай бейбітшілік және достық туралы келісім»; үшіншісі 1998 жылы жасасқан «Қытай-Жапония бірлескен декларациясы», соңғысы 2008 жылы жасасқан «Қытай-Жапония арасындағы стратегиялық өзара қатынастарды жан-жақты дамыту туралы бірлескен мәлімдемесі».
Жапония бас уәзірі (премьер-министрі) Шинзо Абе (Абэ Синдзо) мен Қытай басшысы Ши Жинпиң былтыр желтоқсанда Жапония-Қытай-Корея басшыларының үшжақты саммитінде кездескен болатын. Кездесуде Қытай басшысы қос тараптан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасына қолдау көрсетуін үміт еткен еді.
Kyodo News хабарына қарағанда, екі ел арасындағы «Бесінші саяси құжатта» әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылық, соның ішінде Шығыс Азия, Жапония мен Қытайдың міндеттері туралы айтылуы мүмкні деп көрсетеді. Дегенмен, сарапшылардың пікіріне сенсек, екі елдің таласты аралдар мен теңіз айдындарына қатысты мәселеде пікір бірлігіне келуі қиынға соқпақ.