Жақында Солтүстік Корея қорқыту сипатындағы мәлімдемесін жасап, Америка Құрама Штаттарына «Рождестволық сыйлық» дайындап отырғанын айтқан болатын. Бір күн бұрын Трамп бұған қарсы мәлімдемесінде «АҚШ Солтүстік Кореяның сыйлығына артығымен жауап беретінін» айтты. Америкалық сарапшылар Солтүстік Корея алыс қашықтықтағы баллистикалық зымыран сынағына дайындалып отыр деп болжады.

Жыл соңына қарай Солтүстік Корея тақырыбы қайтадан қызу тақырыптар қатарына өтті. Солтүстік Кореяның қолдаушысы саналатын Қытай өткен аптада АҚШ пен КХДР лидерлерін былтырғы келіссөз кезіндегі келісімдерді тез арада жүзеге асыруға шақырды.

Бұған дейін Солтүстік Корея АҚШ-тан санкция жеңілдіктерін талап етіп келген еді. Соңғы бірнеше жылда Уашингтон мен Пиоңяң (Пхеньян) арасында Корей түбегін ядролық қарусыздандыру бағытында келіссөздер өткізіліп келеді. АҚШ Солтүстік Кореяның нақты қадамдарынан кейін ғана санкциялық жеңілдіктер беретінін алға тартады.

 

“The Qazaq Times”