Атыраудағы халықаралық әуежайға халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың аты берілді.

Электронды үкімет сайтында жарияланған қаулыда «Атырау халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамына Хиуаз Доспанованың есімі берілсін», - делінген.

Хиуаз Доспанова – қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз. Ол екінші дүниежүзілік соғысы кезінде 588-ші түнгі бомбалау авиаполкінде қызмет етіп, Оңтүстік фронтта, Солтүстік Кавказда, Украина мен Белорусияда арнайы тапсырмалар орындаған. Екі мәрте ауыр жараланғанына қарамастан, соғыс алаңына оралып, жеңісті Берлинде қарсы алған.

Соғыстан II топтағы мүгедек болып келіп, 1959 жылға дейін әртүрлі партиялық қызметте болған. Денсаулығына байланысты қырық жасқа жетпей зейнетке шыққан.

2004 президент жарлығымен Халық қаһарманы атағы берілген. Есімі Мәншүк-Әлиямен қатар аталатын соғыс ардагері 2008 жылы қайтыс болды. Оның есімін Атырау әуежайына беру туралы ұсыныс сол кезден-ақ басталған.

Сонымен қоса құжатта бірқатар білім ошақтарының атауы өзгертілген. Жалпы білім беретін Нарын орта мектебі «Фариза Оңғарсынова», Ф.Энгельс атындағы жалпы орта мектебі «Қадыр Мырза Әли», Н.В.Гоголь атындағы жалпы орта мектебі «Ғабит Мүсіреповтің және Н.К.Крупская атындағы жалпы орта мектебі де Фариза ақынның атына ауыстырылды.

"The Qazaq Times"