Алматының экс-әкімі Виктор Храпунов өзінің facebook парығында швейцариялық Tribune de Genève басылымына берген сұхбатын бөлісіп, өзіне қатысты сот істері туралы мәлімде жасады.
Храпунов интервьюінде Швейцарияда өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істің аяқталғаны туралы мәлімдеді. Ол «жүздеген миллион долларды жымқырды» деген күдікке іліккен еді. Десе де жеті жылға созылған атышулы іске қатысты өткен айда Reuters ақпарат агенттігі Женева прокуратурасының оған тағылған айыпты алып тастағаннын хабарлаған болатын.
«Жеті жыл бойы біз Швейцарияның сот төрелігі тарапынан болған үнсіз тұқырту мақсатын әрдайым айыптадық. Жеті жыл – ұзақ уақыт. Швейцарияда басталған қуғын-сүргінді еске түсіргенде, қалайша ашуланбайсың? Бірнеше апта жауап алуға кейде осы Женевада режим агенттері қатысады. Экстрадициядан қорыққан жылдары Қазақстан бізге қарсы бар күшін пайдаланды. Тіпті Швейцария парламентін айналып өтіп, режим жақтаушылары мені Женевада ұстап, ұрлап әкетуге тырысты», – дейді экс-алматылық.
Храпунов өзін «заңсыз байыған ауқатты кәсіпкер» емес, кеңес кезде өз еңбегімен көтерілген электрик деп санайтынын айтқан. Ол өзінің «шынайы бейнесін» сипаттауға тырысты:
«Мен кәсіпкер емеспін. Мен кеңес дәуіріндегі мансап сатысының барлығынан өтіп, министр болып, содан кейін өмірімнің отыз бес жылын Алматы қаласына арнаған электрик болып қала беремін. Иә, барлық жоғары лауазымды шенеуніктер сияқты, тәуелсіздік алғаннан кейін мен демократиялық болашаққа сендім. Бірақ оппозиция лидерлерінің, оның ішінде Алматыда менен бұрын әкім болған досым Заманбек Нұрқаділовтің өлімінен кейін бұл режимге қызмет ете алмадым», – деді.
Сонымен қоса Храпунов Швейцария билігінің өзіне қарсы іс қозғағанына еш ренжімейтінін және алдағы уақытта елге оралатыны туралы сөз етті. Ол өз сөзін «Мен патриот болып қала беремін. Күндердің бір күні елге оралып, Қазақстанда түбегейлі реформаларды бастау үшін билікке келетін қазақ жастарына пайдам тиеді деп үміттенемін», – деп түйіндеді.
Былтыр күзде Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандандырылған ауданаралық соты оны «қызметін асыра пайдалана отырып, жемқорлықпен ақша жымқыру» айыбымен кінәлі деп тауып, сырттай 17 жылға соттаған. Сондай-ақ сот оның әйелі Лейла Храпунованы да сырттай 14 жылға үкім оқып, отбаслық ортақ мүліктерін тәркілеуге шешім шығарған. Қазір ерлі-зайыпты Храпуновтар Швейцарияда тұрады.