Журналистерді қорғау комитетінің (The Committee to Protect Journalists/CPJ) бүгін жариялаған есебінде Қытайды 2019 жылы журналистерге ең көп қысым көрсеткен ел ретінде атады. Аталған комитет мәліметіне қарағанда биыл Қытайда кемінде 48 журналист қамауға алынған.
Журналистерді қорғау комитеті мәліметінде, қазіргі Қытай басшысы Ши Жинпиң тұсында журналистерге және БАҚ өкілдеріне бақылау мен қысымның барған сайын күшейіп, қамауға алынған журналистер саны күн сайын өсіп жатқаны айтылады. Былтыр да Қытай билігі 47 журналисті қамауға алған.
Бұдан тыс, CPJ есебінде Шынжаңдағы саяси жағдайларға байланысты қамауға алынған журналистер саны да көп. Олардың арасында бұдан бірнеше жыл бұрын жасаған журналистік жұмыстары үшін жазаға ұшыраған БАҚ өкілдері де бар.
CPJ мәліметіне сенсек Қытайда қамауға алынған журналистердің 98 пайызы ұлттық тақырыптарды көтергені үшін жазаланған. Олардың арасында 2 америкалық журналис те бар.
Зерттеу есебіне қарағанда, 2019 жылы әлемде 255 журналист қамауға алынған, бұл рекордтық көрсеткішке жақын. Журналистерге қысым көрсету ісі бойынша екінші орында Түркия тұр. Түрік билігі биыл 47 журналисті түрмеге жапқан. Үшінші Сауд Арабиясы мен Египет қатар тұр, әр қайсысында 26 журналист қамауға алынғаны туралы дерек бар.
Айта кетейік, Нью-Йоркте орналасқан Журналистерді қорғау комитеті 1990 жылдан бері жыл сайын тұтқындалған журналистердің санын көрсетіп келеді. Ұйымның басты мақсаты – жаһандық масштабта баспасөз бостандығы мен журналистердің құқықтарын насихаттау және қорғау.