ҰЭМ Статистика комитетінің дерегінше, Қазақстанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 18 076 аттасы бар. Нұрсұлтан есімі тіпті қыз балаға да қойылған.
18 мыңнан астам Нұрсұлтанның 1617-сі елорда тұрғындары. Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитетінің мәліметінше, биыл туған 41 сәбиге Нұрсұлтан есімі беріліпті. Бұл – 2015 жылмен салыстырғанда 5 есе аз. Себебі 2015 жылы туған 205 балаға Нұрсұлтан есімі қойылған екен. Бұған Назарбаевтың 2015 жылдың 29 сәуіріндегі инауграциясы себеп болған көрінеді. 2016 жылы 136 балаға ғана Нұрсұлтан аты қойылған. 2017 жылы – 104, ал былтыр – 67.
Бір қызығы, республикамызда 5 Нұрсұлтан және 2 Нұрсұлтана есімді қыз бар. Ал статистикалық мәліметтер бойынша, елімізде аты-жөні Нұрсұлтан Назарбаев болып жазылған 56 адам тұрады екен.
Қазақстандық ономастика ғылымында онимдерден бөлек нұроним секторы да қалыптасып үлгерген. Домофон атауынан бастап қала атауына дейін. Отандық ономастика шеңберінде нысандардың барлық категориясын қамтитын 50-ге тарта нұроним қатары бар.