Қамауда жатқан Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев үш айдан бері алғаш рет мәлімдеме жасаған. Атамбаев мәлімдемесінде, 7-8 тамыз күндері Қой-Таста (Кой-Таш) болған оқиғадан кейін билік тарабы заңсыз қамаулар мен саяси қудалау жүргізді деп айыптаған. Сондай-ақ, мәлімдемеде 7 тамыздағы қақтығыс күштік құрылымдардың заңсыз әрекеттерінен кейін пайда болғанын, осыдан кейін экс-президентті қолдаушылар қудалауға ұшырағаны айтылған.

«Өздерінің заңсыз әрекеттерін жасырып-жабуға тырысқан елдегі билік тармақтары және лауазымды адамдар барлық нәрсені былықтыруда», – деген Атамбаев мәлімдемесінде. Сондай-ақ, Ақ үйдің заңсыз бұйрық берген адамдары жауапкершіліктен жалтарып отырғанын айта келіп, наразы әрекет бейбіт адамдарға қарсы оқ атып, экс-президенттің үйіне құралды адамдар басып кіргеннен кейін ғана орын алғанын айтады.

Атамбаев қақтығыс себептері туралы: «Бейбіт азаматтардың ашулануына және наразы әрекеттеріне себеп біреу ғана – оларға 7 тамыз кеште және 8 тамызда құралды шабуыл жасалып, нәтижесінде жүздеген адам зардап шекті», – деп көрсетеді.

Қырғыздың экс-президенті аталған қайшылықты жағдайлар толықтай қазіргі  президенттің істеп отырғаны деп санайды.  «Бұл іс-әрекеттердің бәрі дерлік президент Жиенбеков (Жээнбеков) тарабынан болып жатыр және оның мақсаты экс-президент Алмазбек Атамбаевты жаманатты қылу, көзін құрта алмағаннан кейін оны моральдік жақтан күйретуді көздейді», – делінген мәлімдемеде.

Қарашаның басында қазіргі президент Жиенбеков Қой-Тастағы оқиғаға байланысты журналистердің сұрағына жауап бергенде, бұл мәселе бойынша жеке бағалау жасамайтынын, тергеу-тексеру нәтижесі және мемлекеттік комиссияның шешімін күтетінін айтқан.

Ал, аталған шиеленісті оқиғаға байланысты құрылған мем. комиссия өз қорытындысын осы аптаның соңына қарай жария етпек. Бас прокуратура бұрынғы президент Атамбаевқа «заңсыз құрал пайдаланды», «кісі өлтірді», «массалық бүлік тудырды» деген секілді ең ауыр айыптарды тағып отыр.

“The Qazaq Times”