Жауапты органдар Таразда үйіне қайтуға екі ай қалған Ұлттық ұланның сарбазы асылған күйде табылған дейді.
Тараз қаласындағы Жәнібек Сағадиев басшылық ететін («Қазақстан республикасы Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімі» РММ) 5513 әскери бөлімінде сарбаз Болат Батырханның денесі әскери бөлімдегі екі ғимарат қуысындағы биік темірге асылып тұрған жерінен табылған деседі. Ақтөбелік жауынгердің үйіне оралуына небәрі екі ай қалған екен.
ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының орынбасары Ниязтай Әлкешов ауыр қайғыға қатысты «Оқиға тексеріліп жатыр. Мән-жайды анықтайтын боламыз. Ең соңғы шешім тергеу аяқталғанда белгілі болады», – деді.
«Денесінде бірде-бір соққының ізі жоқ» деген әскерилердің сөзінше Болат Батырхан үздік сарбаз болған. Оның суреті мақтаулы жауангерлердің қатарынан түспеген.
Бұған дейін де 20 жылға жуық жауынгер дайындап жүрген тап осы әскери бөлімде естігеннің жүрегін қынжылтатын қайғылы жағдай тіркелгенін естеріңізге саламыз. Үш жыл бұрын прапорщик қару-жарақ қоймасында өзінің табелдік тапаншасынан оқ атып, көз жұмған болатын.
Сарбаз өліміне қатысты жағдай өткен жексенбі Атырауда орын алған болатын. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау қаласындағы «2016 әскери бөлімінің» сарбазы, марқұм әскери бөлімге 16 қазан келгеніне қарамастан, арада 10 күн өтпей менингококк инфекциясымен жансақтау бөліміне түсіп, бір күнде қайтыс болып кетті.
Қазақстанда әскердегі өлім туралы ақпарат жиі шыққанмен арнайы статистика жоқ. Бейбіт күнде еш соғыс жағдайынсыз әскерге аяқ-қолы балғадай, сап-сау болып барған жас жігіттер табытпен немесе мүгедек күйде оралуының жилеуі бұқараның қорғаныс саласына сенімін әлсіреткен.