Түркияның күрд қарулы күштеріне қарсы шабуылдары жалғасып жатыр. Жергілікті ақпарат құралдар түрік әскерлерінің шабуылынан кейін он мыңдаған тұрғындардың өңірден қашып шыққанын жазуда. Қазір Түркия әскерлері шекараға жақын Рас-әл-Айн мен Таль-Айад қалаларын қоршауға алған. Әлеуметтік көмек бойынша халықаралық агенттік алдағы уақытта босқындар саны 100 мыңнан асып түсуі мүмкін екенін айтады.
Кезекті әскери операцияның басты мақсаты туралы Түркия ресмилері «Күрд қарулы күштерін Сүрияның солтүстік аймағынан қуып шығарып, «Қауіпсіз аймақ» құру», – түсіндіреді. Күрд күштерінен тазартылған аймаққа Сүрия соғысы кезінде Түркияны паналаған босқындар орналастырылмақ. Ал, әлемнің бірқатар елдері Түркияны әскери әрекеттерді тоқтатуға шақырды.
Еуропа елдерінің айыптауына Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ашулы жауап қайтарғандай болды. Ол Еуропа елдерінің айыптауына қарсы Түркияда паналаған 3,5 млн босқынды Еуропаға өткізіп беретінін ескертті.
Түркия қарулы күштері күрдтер қоныстанған бірнеше қалаға артиллериялық соққы бағыттады. Қорғаныс өкілдері мәлімдемесінде: «Шабуыл басталғаннан бері экстремистік топтың 100-ге жуық қарулы содырының көзін жойдық», – деп мәлімдеді. Ал, күрд күштері 9 бейбіт тұрғынның қаза болғанын айтуда.
Дегенмен, кейбір сарапшылар Сүрия жерінде күрд қарулы күштерінің қолында қамауда тұрған «Ислам мемлекеті» террорлық тобының 10 мыңнан астам мүшесін қалай біржақтылы ету мәселесі алаңдатады. Олар Түркияға шекарасына жақын өңірдегі бақылау орталықтарында. Арасында 4 мыңнан астам шетелдік жиһадшылар да бар. Тіпті кейбір дербес сарапшылар күрд күштері өз уақытында бұл соғыскер содырларды Түркияға қарсы пайдалануы да мүмкін деп қарайды.