«Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасы елорданың барлық төрт ауданында жүргізіліп жатқанын хабарлаған едік. Жоба аясынағы кезекті шаралар Сарыарқа ауданында, атап айтқанда Шәймерден Қосшығұлұлы көшесі бойында жалғасын тапты.

         Жоба жұмысына Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мамандары, Сарыарқа аудандық әкімдіктің қызметкері және қоғамдық белсенді сарапшылардан құрылған топ қатысты. Олар көптеген нысандардағы жарнама, көрнекі ақпараттардан тіл талаптарына сай емес заң бұзушылықтар анықтады.

– Кейбір нысан иелері біздің қызметімізге кедергі келтіргісі келеді дейді, – Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Айгүл Ғизатқызы, - Олар бізден қандай негізде тексеру жүргізіп жатқанымызды сұрап, өз істерінің дұрыстығын дәлелдегісі келеді. Негізі, Тіл туралы заң секілді баршаға ортақ, халықтық сипаты бар заңдарды жұртшылық, әсіресе кәсіпкерлер білуі керек. Олар жарнама, көрнекі ақпарат ілмес бұрын оның қай тілде жазылуы керектігі туралы тиісті мекемелерден анықтап, білуі тиіс. Өкінішке орай, көптеген кәсіп иелері өз бетінше жарнама мәтінін жазып, мемлекеттік тіл заңына қайшы келген, – дейді Айгүл Иманғали.

Сарарқа ауданындағы тіл заңын бұзған жанрамалар алынды.

Жоба аясындағы шараға қоғам белсенділері де қатысып, өз үлестерін қосуда.

– Қала бойынша айтатын болсақ, жарнама, көрнекі ақпараттарды орналастыру заңның шеңберінен шығып кеткен дейді, – сарапшы топтың мүшесі, тіл жанашыры Азамат Кеңесұлы. – Бұл барыста Қалалық Тілдерді дамыту басқармасының мүмкіндіктері шектеулі. Оған әр ауданның Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары бөлімдері бастаған әкімшілік мекемелер қолдау көрсету керек. Әйтпегенде, бір ғана басқарманың күші жетпейді, бірақ соған қарамай олар барынша тығыз кестемен жұмыс істеп жатыр. Кейбір ауданның бөлімдері жақсы селбесуде. Өкінішке орай, кейбір аудандар қала әкімдігі қолдап отырған бұл жобаға енжарлық танытуда. Бұл жоба – аты айтып тұрғандай баршаға ортақ іс болғандықтан, күш біріктіре жұмыс істеуміз керек, – дейді ол.

Нысандарды аралаған топ көптеген заңсыз жарнамаларды сол мезетте алдырып тастады. Кейбір нысан иелері уақыт сұрады. Қала ауқымы өте үлкен екенін және соған орай заң бұзушылықтардың да көп екенін ескерсек, аталған жобаға көп күш жұмсауды қажет етеді. Қазір бұл шара қоғам тарапынан да қолдау табуда. Қарапайым азаматтар да заң бұзушылықтарды анықтауға көмектесіп, өздерінің оң көзқарастарын білдіруде. Жұмыс топтарының қызметі ары қарай жалғасын таба беретін болады.

 

“The Qazaq Times”