Бір күн бұрын Тайуан (Тайвань) президенті Сай Иынвын ханым Гонконг дағдарысы туралы пікір білдірді. Ол сөзінде Бейжің билігін Гонконгтағы әлеуметтік толқулар үшін сыртқы күштерді кіналаудың орнына, Гонконг билігімен ынтымақтаса отырып мәселені шешуге шақырды. Ол аталған мәлімдемесін Аустралияның (Австралия) бұрынғы қорғаныс министрі Кристофер Пинмен кездесу кезінде ортаға салған.
Сай ханым сөзінде аталған мәселе Тайуан үкіметі мен халқын да қатты алаңдататынын, алайда дағдарысқа байланысты бейтараптықты сақтайтынын жеткізген. Ол мәлімдемесінде Тайуан демократиялық лагердің өкілі ретінде Гонконг тұрғындарының демократия мен тәуелсіздік талаптарын толықтай қолдайтынын, алайда, Гонконгтағы жағдайдың қиындап кетуінен алаңдайтынын айтты.
Гонконгтағы наразылық ереуілдері үшінші айға ұласқан тұста ереуілшілердің талап тілектерінің де салмағы күшейе бастады. Қазір шерушілер демократия мен тәуелсіздік талаптарын алға тартуда. Бұған Бейжің қатты ашулы және толқулардың артында шетелдік күштер бар екенін айтуда. Ал, осы тұста Тайуан үкіметінің Гонконг мәселесі туралы пікір білдіруі және Гонконг тұрғындарының демократия мен тәуелсіздік талабын қолдауы Бейжің үшін оңай қысым болмайды.
Тайуан президенті Гонконг мәселесі бойынша бұдан бұрын да өз пікірін білдірген екен. Алайда, Қытай лауазымдылары оның гонконгтік ереуілшілердің талап тілегін қолдау негізіндегі пікірлерін қатаң сынға алып келді. Олар Тайуан президентінің бұл пікірлері Гонконг мәселесіне араласу деп бағалаған. Сонымен бірге, Бейжің тарабы Тайуанға қайта-қайта ескерту жасап, Гонконг мәселесіне араласпауды, айыпталған жеке тұлғаларды шетке шығаруға көмек бермеуді ескертіп келеді.