Қырғызстан күш құрылымдары экс-президент Алмазбек Атамбаевтың Қой-тас ауылындағы резиденциясына қайта баса көктеп кірген. Бұл туралы BBC агенттігінің Өзбек қызметі хабарлады.
8 тамыз сағат 16:30-дар шамасында Алмазбек Атамбаев жағындағы 400-ге тарта қолдаушылары құқық органдары өкілдеріне тас-таяқтар мен бензин құйылған бөтелкелер атқылау арқылы қарсылық көрсеткен. Атамбаевқа тиесілі «Апрель» телеарнасының мәліметіне қарағанда, арнайы операцияға мыңдаған сарбаз қатысқан. Сонымен қатар арнайы қарулы жасақ көліктері Қой-тастық резиденцияның қақпасына соғылып, жалын тұтанған.
Sputnik Қырғызстан ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, қақтығыстан соң құқық қорғау органдары өкілдері Алмазбек Атамбаевты тұтқындаған.
Ал, қазіргі президент Сооронбай Жээнбеков Қауіпсіздік кеңесінің жиынында оқиғаға қатысты кінәлілер жауапқа тартылатынын мәлімдеді:
«Айтылған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айыптылар сөзсіз жауапқа тартылады. Кешеге дейін Атамбаев тергеуге куәгер есебінде шақырылып келсе, енді ол ауыр қылмысқа күдікті ретінде шақырылатын болады».
Бассыздықты тыю үшін мемлекеттің күші мен саяси еркі жеткілікті екендігін айтқан президент «Бұл екі адамның текетіресі емес, жемқорлықтың шегі болған барлық қылмыстық істерді ашуға, тергеудің заң аясында таза жүруіне, сот процестерінің әділдігін қамтамасыз етуіне қарсы жасалып жатқан күрес» деді.
Бүгінгі Қырғыз елінің жаңа үкіметі Атамбаевты коррупция дерегі және қылмыстық топ серкесі Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуы, өз өкілеттілігін асыра пайдалану әерекеті бойынша айыптауда. Дегенмен басы күдікке іліккен бұрынғы президент бұл айыптауларды негізсіз деп біледі, келіспейді. Осы уақытқа дейін 3 рет тергеуге шақыртылған экс-президенттің үйіне 7 тамыз арнайы жасақ сарбаздары басып кіріп, ұстамақ болған. Алайда соңы қақтығысқа ұласқан операцияда 1 жауынгер көз жұмып, 45 бейбіт тұрғын жараланған еді.