АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлаға санкция енгізу туралы шешімді мақұлдады. Қатаң қаулы талаптары бойынша алдағы уақытта Венесэуламен серіктестік орнатпақ болған америкалық компаниялар да санкцияға ілігеді.
Ақ үй басшысының Ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтонның мәлімдемесінде: «Енді өзге де шет мемлекеттер таңдау жасайды. Тек қана Құрама Штаттарымен немесе Венесуэламаен экономикалық байланыс орнатуы тиіс. Яғни басқа мемлекеттер алыс-беріс орнату мақсатында Уашингтонды немесе Каракасты таңдайды» – делінген. Болтон сөзінде: «Енді кез келген компания Венесуэламен серіктестік орнатпай тұрып ойланатын болады. Мадуроның заңсыз билігіне көмектесемін деп кәсіптеріне зиянын тигізіп алуы мүмкін. Халықаралық қауымдастық билікті бейбіт түрде Ұлттық Ассамблеяға беру үшін қысым көрсетуді жалғастыра береді», – деді.
Осы аптада санкция енгізу туралы шешімнен кейін The New York Times басылымы АШ-тың бұл қадамынан кейін Венесуэланың экономикасына эмбарго жариялануы мүмкін деп жазған. Сонымен қатар, Уашингтон Венесуэла билігінің шотын бұғаттап тастады. Бұл шектеу Венесуэланың «сенімді серіктестері» Ресей және Қытаймен байланысына нұқсан келтірген. Сол себепті Венесуэла БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттеришке көмек қолын созу туралы хат жолдады.
Айта кетейік, Венесуэла жыл басынан бері дағдарыс үстінде. Каракаста жергілікті халық елдің қазіргі президенті, «диктатор басшы» атанған Николас Мадуроның биліктен кетуін талап етіп бірнеше рет наразылықа шыққан. Алайда, Мадуро халықтың қарсылығына қарамастан президенттік сайлау өткізу туралы шешімін орындаған жоқ. 23 қаңтарда өзін уақытша үкімет президенті деп жариялаған Гуайдоны легитимді мемлекет басшысы ретінде АҚШ, Канада, Бразилия, Чили, Аргентина, Колумбия, Коста-Рика, Гватемала, Гондурас, Панама, Парагвай және Перу елдері мойындады. Ал Қытай мен Ресей тарапы Николас Мадуро үкіметіне сенім білдіріп, билікке өзге мемлекеттердің араласуын «халықаралық құқықбұзушылық» деп атады.