Қытай басшысы Ши Жинпиң алғаш рет мемлекеттік сапармен Солтүстік Кореяға бармақ. Ол бұл сапарында Солтүстік Кореяның басшысы Ким Жоң Унмен (Ким Чен Ын) кездесіп, Корей түбегі мәселесі туралы талқылайды. Бұл туралы Қытай СІМ тарабы ресми мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде Ши Жинпиңнің Солтүстік Кореядағы мемлекеттік сапары бейсенбі күні басталатынын және екі күнге жалғасатыны айтылған. Қытай басшысының Солтүстік Кореяға сапарлай баруы соңғы 14 жылда болмаған.
Қытай басшысының Солтүстік Корея сапарлай баруы Жапонияның Осака қаласында өтетін "Үлкен жиырмалық" саммитінің алдында болатыны да әлем елдерінің назарын аударады. Бұл саммитте Қытай басшысы АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесу жоспарлаған. Әрі, Ши мен Трамп арасындағы кездесуде сауда соғысы мен Корей түбегі мәселелері талқыланады деп күтілген.
Қытай Солтүстік Кореяның ең негізгі экономикалық және дипломатиялық қолдаушысы ретінде белгілі. Солай да, Қытай басшылары қатарынан Ши Жинпиңнен бұрынғы ҚКП жетекшісі Хоу Жинтау (Ху Цзиньтао) 2005 жылы Солтүстік Кореяға сапарлай барған. Ши билікке келгеннен бері Солтүстік Корея басшысы Қытайға 4 рет мемлекеттік сапармен барды.