Алдымен жас аниматор-режиссер туралы таныстыра кетейік. Қасиет Сақиолла ҚХР Шыңжаңда туып-өскен. Мектеп бітірген соң Үрімжі қаласында анимация курстарынан өтіп, компьютерлік графика тағы басқа шеберліктерден бір жылдай сабақ алып, білім толықтаған. Қазақстанға 2012 жылы келіп, «Қазақ ұлттық өнер университетінің» «анимация режиссері» мамандығына оқуға түседі. Қазір сол оқу орнының бесінші курс студенті. Өзі жетекшілік етіп құрған «QAZART media» анимация студиясының директоры.

–  Анимация саласындағы алғашқы жұмысыңыз қашан басталды?

– Екінші курстан-ақ өндірістік жұмыстар басталып кетті. Сол жылы «Қазақфильм» киностудиясы тапсырыс берген «Жерұйық» атты қысқа метражды анимациялық фильм жобасына шақырды. Жоба жетекшісі, режиссер-аниматор Адай Әбілдиновпен бірге «Астана жастары» студиясында жұмыс атқардым. Фильм 2D форматында жасалды. Мен сол жобада суретші-қоюшы болып алғаш рет өз анимация туындысына қатыстым. Кейін «Шәкен жұлдыздары» фестиваліне арнап, «От пен су» атты авторлық жобамды дайындаған едім. Алайда, сәуірге қарай фестиваль болмай қалды. Фильм де аяқталмады. Сол кезде Үрімжідегі «Абай анимация академиясы» («Абай жолы» мәдениет тарату шекті серіктігі) жетекшісі Құсман Қажытайұлы ағамыз ұсыныс жасады. Сонымен, Үрімжіде Абайдың балалық шағы туралы анимациялық фильмнің екі сериясын жасауға атсалыстым. Бұл жобада мен сценарий жазуға қатыстым әрі фильмнің режиссері және суретші-қоюшы болдым. Ол жақта екі жыл жұмыс істегеннен кейін Астанаға оралдым.

– Астанаға жаңа идеямен келген секілдісіз...

– Иә, келген соң анимациямен айналысатын жаңа студия құруды қолға алдық.

– Студияның аты қандай?

– «QAZART media» деп аталады. Осы студияның аясында анимация бойынша оқыған бірнеше жас маманмен  жұмыс бастадық. Команданы екіге бөлдік. Бір жағы түсіру жұмыстарына бағытталған. Екіншісі, графикалық бағытта, яғни анимация саласында жұмыс істейтіндер. Алғашында бес адаммен бастаған едік, қазір ұжымымыз жиырма адамға жетті. Алғашқы жұмыстарымызды жарнамалық роликтер, кино эффектілер жасаудан бастадық. Жаңа құрылып жатқан ұжым болған соң, бастабында қауырт шаруа болған жоқ. Алайда, жақында ғана режиссер-аниматор Адай Әбілдинов бізді жаңа жобаға қатысуға Алматыға шақырды.

«QAZART media»-ның жас мамандары.

– Ол қандай жоба, Алматыға біржола көшіп келдіңіздер ме?

– «Күлтегін» атты жоба. Толық метражды анимациялық фильм. Осы жобаның біраз жұмыстары бізге берілді. Қазірше, негізгі шаңырағымыз Астанада. Алматыға жобаға байланысты уақытша келдік.

– Қазақстан анимациясында 3D технологиясы қаншалықты дамыған?

– Елімізде осы күнге дейін алты толық метражды анимациялық фильм жасалса, соның біреуі – Ертөстік фильмі 3D технологиясымен жасалған. Тұңғыш реткі фильм болған соң, аздаған кемшін тұстары бар. Бірақ, алғашқы 3D фильм ретінде өз бағасына лайық. Қазқастанда саусақпен санарлықтай ғана анимациядық студиялар бар. Соның үшеуі  3D тәсілімен жұмыс істейді. Маман тапшы болғандықтан, студияларымыз әлі де шетелдік әріптестерімен бәсекеге түсетіндей еңбектер жасай алып жатқан жоқ.

– Анимация саласына мемлекеттік қолдау қалай?

– Биыл қолдау жақсы. Тәуелсіздік жылдарынан бері алты толық метражды фильм түсірілсе, биылғы жылдары бірден екі толық метражды фильмге тапсырыс келіп түсті. Бұл – қуанарлық жағдай.

– Әлемдегі анимация көшін қай елдер бастап тұр. Олардың бағыты, дамуы қандай?

– Анимацияның көрермендерге арналған кассалық түрі болады. Олар өнімдеріне тауар ретінде қарайды. Бұл тұрғыда Жапония алда келе жатыр. Олардың өнімдері негізінен манга стилінде. Манганың шығыны төмен, табысы жоғары болады.

Қасиет Сақиолла. Режиссер-аниматор, «QAZART media» анимация студиясының директоры. Алматы. 03.03.2017. Фото: «The Qazaq Times»

– Оның себебі неде?       

– Өйткені, оның стилі, жасалу әдісі оңайлатылған. Анимацияның түбін қусаңыз, бір сызықты не фигураны, әлдебір затты, жерде жатқан матаны құрастырып, қозғалту арқылы анимация жасауға болады. Тұрған затты қозғалту арқылы белгілі бір ритмге түсіру анимация деп аталады. Манга стилі деген сол сызықтың ең төменгі дәрежеде қозғалуы. Анимация жасағанда көп қимыл болады. Сонда, бір секундта 24 кадр жасалады, яғни сурет салынады. Ал жапондар секундына алты кадр жасайды. Демек, олардың еңбек өнімділігі тез болады. Бірақ, оның қимыл-қозғалыстарындағы баяулық байқалып қалады. Алайда, жапондар осы манга стилін табанды қуалағандықтан, өздеріне тән қолтаңба қалыптастырды. Көрерменнің көзін үйретіп алған. Осы арқылы олар қыруар табыс тауып отыр.

Сонымен қатар, олар ел ішінде тәрбиелік маңызы бар фильмдер жасаса, сыртқа тауар ретіндегі касса жинайтын фильмдер шығарады. Жапондардан кейін Америка тұрады. Оларда жүз жылдық тарихы бар  Walt Disney, DreamWorks секілді атақты студиялары бар. Олардың бір ерекшелігі, анимацияның техникалық мүмкіндіктерін де ақсатпайды және аудиторияның ауқымын да азайтпайды. Оларда ілгерлеу бар, бір фильмнен келесі фильмнің озып отыруына техникалық мүмкіндік жасайды.

Ал, анимацияның отаны, бірден-бір гүлденіп жатқан елді айту керек болса, ол – Франция. Фильмнің бастау алуы туралы Америка мен Франция арасында келіспеушілік бары белгілі. Францияда фильм қалай бастау алды, анимация да солай бірге қанат қаққан. Ол жақта негізінен арт-хаус түсіріледі. Оның аудиториясы басқаларға қарағанда сәл тарлау. Бірақ, ол жерде таза өнерге негізделген, анимацияны дамытуға бағытталған, анимацияны зерттеуге арналған фильмдер жасалады. Одан қалса, кино эффектілерімен, анимациясының көркемдігімен қытай да жақсы шығып келеді. Массалық жұмыстың көптігімен Үндістан да елеулі орында. Негізінен, жоғарыдағы үш мемлекет көш бастап тұр.

– Анимация тарихындағы Қазақстанның орны қандай?

– Шынын айтқанда, тарихтан бастайтын болсақ, жаңағы мемлекеттердің соңғы қатарына Қазақстанды да қосып жіберуге болатын еді. Қазақ анимациясының атасы саналатын Әмен Қайдаров «Қарлығаштың қанаты неге айыр» қатарлы тамаша туындылар жасаған. Оның еңбегі Одақ көлемінде жақсы бағаланған. Кейін қазақ анимациясы тоқырады. Бүгінгі күні қайта күш алып келе жатыр.

– Әдеттегі фильм мен анимациялық фильмді салыстыра қарағанда, қайсысның шығыны көп?

– Анимацияныкі көп болады. Өйткені, анимацияның шығыны бізде кадрмен есептеледі. Жоғары деңгейдегі анимация жасауға қатысатын маманның еңбекақасы жоғары болады. Видео эффектілер, персонаждың жасалуы, оның авторлық құқы, дизайнердің еңбегінің бәрі киноға қарағанда қымбат тұрады. Ал, Қазақстан жөнінен алып айтқанда, көп айырмашылық болмауы мүмкін. Себебі, біздің анимациямыздың деңгейі әлі толық пісіп-жетіле қойған жоқ.

"Ортеке" музыкалы анимациялық фильмінің персонаждары

– «QAZART media» студиясының жұмыстары мен жоспарлары туралы айта кетсеңіз?

– Біз қазір анимацияға кірісудің алғашқы сатысындамыз, дайындық үстіндеміз. Қытайдағы түрлі оқу орындарында білім алған жас аниматор мамандармен бірігіп, осы студияны құрдық. Бүгінгі күні, қатысып жатқан жұмыстарымыздан тыс, өзіміздің қолға алып отырған «Ортеке» атты авторлық жобамыз бар. Өз қолтаңбамыз болып саналады. Ол – музыкалы анимациялық фильм. «QAZART media» студиясын құрған себебіміз – Қазақстандағы анимация саласына жаңалық әкелу. Бізде 3D графикасы сәл артта қалған. Қазір қолда бар туындыларымызбен шетелдік анимация алаңында бәсекелесе алмаймыз. Бізде Әмен Қайдаров түсірген «Ақсақ құлан» фильмінен кейін музыкалы анимациялық фильм болмады. Егер, Ортекені жақсы деңгейде жасап шықсақ, ол – тәуелсіз Қазақстандағы тұңғыш музыкалы анимациялық фильм болады. Музыкалы анимациялық фильмнің өз қиындығы бар. Әдетте, фильм жасалып болған соң, оған музыка жазу көп адамның қолынан келеді. Анимацияның жүйелі техникасына шектелмейді. Музыка деген нәрсенің өз ритімі бар. Ол біздің анимацияға бағынбайды, ал анимацияны соған келтіріп істеу, әр секунд, минутындағы музыканың драмматургиясына сәйкес жасап шығу үлкен жұмыс. Ортеке арқылы ұлттық музыка аспаптарымызды көрсетіп, ары қарай қалай дамытуға болады деген ойды қозғамақпыз. Егер, фильм осы өзіміз жасап жатқан сапа мен деңгейде шықса, ұялмайтындай дүние болады деп ойлаймыз. Ал, басқа жоспарлар туралы осы жобамызды аяқтап болған соң айтамыз.

– Әңгімеңе рахмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз!

"Qazart media" мамандары

"Ортеке" анимациялық музыкалы фильмінің үзіктері, жасалуы

Мұрат Алмасбекұлы