АҚШ Азаматтық авиация Федералдық басқармасы жүргізген тексеру кезінде Boeing 737 әуе кемесінің бөлшектерінен ақау табылды.
Мәліметтер бойынша, автоматты түрде іске қосылатын басқару жүйесінен бөлек, Boeing-тың екі моделінің қанат тұстарындағы бөлшектері жарамсыз болып шыққан. Сараптама қорытындысы бойынша сериялық нөмірлері Boeing 737 NG және Boeing 737 MAX ұшақтарынан 148 ақаулы бөлшектер табылған. Алдағы он күн ішінде бұл әуе кемелерінің бөлшектері ауыстырылатын болады.
АҚШ Азаматтық авиация Федералдық басқармасының хабарлауынша, анықталған жарамсыз бөлшектер апатқа әкеп соқтырмайды. Дегенмен, ұшу процесі кезінде техникалық ақаулар болуы мүмкін. Мекеме бұл қауіп-қатерді Boeing ұшағы бар барлық мемлекетке хабарлады. Басқарманың ресми мәлімдемесінде: «737 NG және 737 MAX ұшақтарының кейбір бөлшектері дұрыс жасалмағандықтан, беріктік стандарттарына сәйкес келмеуі, ұшақтардың мерзімінен бұрын тозуы және зақымдауына алып келуі мүмкін», – делінген.
Басқарма мәлімдегендей, әлем бойынша Boeing-қа тиесілі 312 ұшақтың алдыңғы қанат тұстарында ақау бар. 10 наурызда Дэбрэ-Зэйт қаласы маңында «Ethiopian Airlines» компаниясына тиесілі «Boeing 737 Max» ұшағы апатқа ұшырап, салдарынан 157 адам көз жұмған болатын. 2018 жылы қазан айында Индонезияда тап осы модельді лайнер құлап, 189 жолаушы қаза тапқан еді. Араға санаулы күндер салып, Американың Джексонвилл қаласындағы өзенге Boeing 737 жолаушылар ұшағы құлады. Осы оқиғадан кейін Ұлыбритания мен Франция ұшақтан бас тартса, Малайзия, Австралия, Индонезия, Қытай мен Сингапур билігі әуе кемесін бұдан былай сапарға шығармайтын болды. Сонымен қатар, жақында Уфа қаласында дәл осы Boeing 737 NG ұшағы көкке көтерілмей қалған. Бортында 123 жолаушысы болған әуе кемесі енді ұшуға талпынғанда, қанат тұсында дабыл қаққыш іске қосылған.