Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов өз еркімен отставкаға кетуге дайын. Оның мұндай шешім қабылдауына министрлікке қарасты департамент директорының 500 мың теңге парамен ұсталып, артынан сотталуы себеп.
Қоластындағы қызметкері Асланбек Жақыповтың жемқорлық дауымен сотталғаны жайлы сұраққа Дәленов: «Мен әрине отставкаға беремін. Сот үкімі күшіне енсе, мен отставкаға кетемін», – деді.
31 жастағы Асланбек Жақыпов сәуірде 500 мың теңге парамен ұсталған. Жақыпов аталған сома арқылы экономикалық зерттеу институындағы танысына мемлекеттік тендерді ұтып беруге уәде берген. Айыпталушы сотта өз кінәсін толық мойындады. Сот шешімі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі бойынша («Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену») жауапқа тартылған. Он жылға жуық Ұлттық экономика министрлігінде қызмет еткен Жақыпов соңғы жылы бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасайтын, бақылау жүргізетін департаментті басқарды.
Шенеуніктің ісіне қатысты Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова: «Есіл аудандық сотының үкімімен Асланбек Жақыпов алаяқтық жасау фактісімен кінәлі деп табылып, оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, сот үкімімен Асланбек Жақыпов өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды», – деп хабарлады.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов үкім күшіне енсе, алдымен мемлекет басшысының атына өз еркімен қызметтен кету жайлы өтініш жазуы тиіс. Бірақ оны отставкаға жіберу-жібермеуді президент шешеді.