Америка Құрама Штаттары Орта Шығыстағы әскерлерінің санын көбейтуі мүмкін. Бұл туралы Пентагонның Орта Шығыс жоспарлары туралы Ақ үйге берген есебінде белгілі болды. Әскери қолбасшылық Бас штабының әскер санын көбейту туралы өтініші кеше Ақ үйге тапсырған. Бұндай хабарды америкалық VOA ақпарат агенттігі аты-жөнін жасырған Ақ үй лауазымдыларының мәліметіне сілтеме жасай отырып таратқан.
Бесбұрышты сарайдың (Пентагон) Ақ үйге жасаған өтінішінде әскер санын көбейтумен қатар, "Патриот" зымырандары мен әскери кемелердің санын көбейту туралы да талаптар бар. Қазірге Ақ үйдің бұл өтініштерге қандай жауап бергені белгісіз. Алайда, АҚШ пен Иран арасындағы қайшылықтың артуына байланысты Трамп әкімшілігі Орта Шығыстағы әскери күштерін арттыруы бек мүмкін.
Пентагон өзінің дәстүріне сай әскери мәліметтер туралы БАҚ-қа мәлімдеме беруден бас тартқан.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның мұнай экспортын "нөлге" теңестіру шешімі және Орта Шығыстағы әскери күштерін Иран қатеріне қарсы күресуге жұмылдыруы еке елдің шиеленісін жоғары шекке жеткізді. Тіпті, қазір екі ел арасында соғыс қаупі жақын деуге болады. Соған қарамастан, өткен аптада Трамп қорғаныс министрінің міндетін өтеуші Шанаханға кездескен кезде Иранмен соғысты қаламайтынын айтқан.