Өткен апта соңында Пәкістанның Белуджистан провинциясының Гвадар қаласындағы Қытай инвесторларына тәуелді қонақ үйге террорлық шабуыл жасалған. Пәкістан ресмилері шабуылда 5 адамның қаза тапқанын мәлімдеді.

Шабуылды сол елдегі "Белуджистан азаттық армиясы" деп аталатын террорлық ұйым өз мойнына алған. Аталған террорлық топ әлеуметтік желілер арқылы жасаған мәлімдемесінде,  шабуылдың қытайлық және өзге де шетелдік инвесторларға бағытталғанын ашық айтқан және шабуыл жасаушы 4 адамның  фото суреттерін де жария еткен. Сондай-ақ, алдағы уақытта да бұндай мақсатты шабуылдардың қайталанатынын ескерткен.

Қытайлық инвесторлар жағынан салынған бес жұлдызды қонақ үй сол аймақтағы бірден-бір жоғары дәрежелі мейманхана. Оған  қытайлық инвесторлар мен бизнес өкілдері көбірек тұрады.

Пәкістан қарулы күштері жасаған мәлімдемеде, жексенбі күні қонақ үйге жасырынған лаңкестерге қарсы қарулы операция жасалған. Операцияда 4 қарулы содыр қолға түскен. Бірақ, олардың оққа ұшқаны немесе тұтқындалғаны ашық айтылмаған. Бұдан тыс шабуылда зардап шеккендер туралы да толық мәлімет таратылмаған.

Араб теңізіндегі ең үлкен порттардың бірі Гвадар порты Қытайдың басқаруына өткен. Пәкістан мен Қытай үкіметі арасында ірі инвестициялық жобалар жасалауда. Алайда, жергілікті топтардың қытайлық инвесторларға қарсылығы барған сайын артып келеді.

“The Qazaq Times”